Брифинг барысында Елбасы Қазақстан тарапына сапар аясында айрықша жоғары құрмет көрсетіліп отырғанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Біріккен Корольдік екіжақты қарым-қатынастар дамуының осы кезеңінде Қазақстанға 12 миллиард доллар инвестиция салғанын, қазір елімізде британ капиталының қатысы бар 500 компания жұмыс істейтінін атап өтті. Осы жаңа ғана Қазақстан-Британия бизнес-форумы аяқталды. Кешке қарай Британия бизнесінің «капитандарымен» кездесу өтеді. Бұл біздің ел үшін аса маңызды деп ойлаймын. Іскер топтарымыз құны 5 миллиард доллар болатын келісімшарттар мен меморандумдар жасасты. Бұл жобалардың барлығы Қазақстанның шикізаттық секторын дамытуға ғана бағытталып отырған жоқ, – деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сапар барысында қол қойылған келісімдер мазмұнына тоқталып, бұл құжаттардың болашақтағы дамуға бағытталғанын айтты. Соның ішінде газ, энергетика, мұнай химиясы және фармацевтика салаларындағы бірлескен жобалар атап көрсетілді. Нұрсұлтан Назарбаев Британия тарапымен Астана және Лондон арасында қосымша әуе рейсін ашу туралы келісім жасалғанына назар аударды. Мемлекет басшысы келіссөздер барысында күн тәртібіндегі халықаралық мәселелер, соның ішінде Украина мен Таяу Шығыстағы ахуал қарастырылғанын да атап өтті.