National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің 35-ші отырысына қатысты

2012 жылғы 19 желтоқсан

Кеңестің отырысы барысында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан басшылары ЕурАзЭҚ-тың өзекті мәселелері мен даму келешегін, атап айтқанда, Кеден одағының қызметін жетілдіру және Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы Еуразиялық кеңістіктегі экономикалық интеграция бүгінде біздің елдерімізді біріктіруші күш болып саналатынын атап өтті.

- Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты халықаралық ұйым ретінде құра отырып, біз Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру үдерісін тиімді алға жылжытуды мақсат еттік. Сондықтан бүгінде біздің интеграциялық бірлестіктеріміз аясында өңірлік бірлестіктерді дамытудың проблемалық қырларына да, жағымды қорытындыларына да жан-жақты талдау жүргізу маңызды болып отыр, - деді Мемлекет басшысы.

ЕурАзЭҚ аясындағы бірлескен жұмыстарды қорытындылай келе, Нұрсұлтан Назарбаев Ұйымның қолдауымен нақты экономикалық жобалар іске асырылып жатқанына тоқталды. Олардың қатарында ортақ энергетикалық жүйе, бейбіт атом энергия өндірісі саласындағы бірыңғай цикл, еуразиялық көлік магистралы құрылыстарын құру, т.б. бар.

Бұдан бөлек, Ұйымның аясында нақты қаржылық интеграция тетіктері құрылуда. Мысалы, Еуразиялық даму банкі бүгінде Беларусьтегі, Қазақстандағы, Ресей мен Тәжікстандағы бірқатар жобаларды қаржыландыруда. Дағдарысқа қарсы қордың құрылуы мүше-елдердің жаһандық дағдарыстың салдарларын еңсеруіне ықпалын тигізді. Бұл шара өңірде интеграциялық үдерістерге жәрдемдесті және ұзақ мерзімді экономикалық орнықтылықты қамтамасыз етуге көмектесті.

Нұрсұлтан Назарбаев ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясы аясындағы жұмысты жандандыру және ЕурАзЭҚ Соты әлеуетін пайдалану қажеттігіне ерекше тоқталып өтті.

Отырыс барысында «Инновациялық биотехнологиялар» және «Уран өндіру өнеркәсіптерінің ықпалына шалдыққан аумақтардың топырағын қалпына келтіру» мемлекетаралық мақсатты бағдарламаларын іске асыру барысы қарастырылды.

Мемлекет басшысының пікірінше, ЕурАзЭҚ аясында бұл жобаларды бірлесіп іске асыру ғылыми және экологиялық салалардағы байланыстарды нығайтудың дәлелі болмақ.

Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақты құру үшін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың бай тәжірибесін пайдалану қажеттігін атап көрсетті.

- Кеден одағының табысты қызмет ете бастауы және Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру, сондай-ақ КО мен БЭК-тің шарт-құқықтық базасын кодтандырудың сапалы аяқталуы бізді Еуразиялық экономикалық одақты құруға алып шығуы тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыған байланысты барлық бар интеграциялық құрылымдардың қызметін үйлестіру талап етіледі. Қазір еуразиялық алаңда алға қойылған міндеттерді ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесі мен Интеграциялық комитеті, КО мен БЭК-тің Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесі мен Еуразиялық экономикалық комиссиясы іске асыруда.

Мемлекет басшысы бұл бірлестіктердің міндеті синергетикалық тиімділіктің жетістігі болып саналатынын атап өтті.

- Екі интеграциялық құрылым Еуразиялық экономикалық одақты құруға жұмыс істеуде, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. - Бұл одақ ерікті, теңқұқылы интеграцияға, бірлескен тиімді экономикалық дамудағы мемлекетке негізделетін болады, оның мақсаты - Қоғамдастық елдерін әлемдік экономикада алдыңғы қатарға жылжыту.

Осыған байланысты Қазақстан Президенті Еуразиялық ұлт шеңберінен жоғары ынтымақтастық экономикалық және әлеуметтік даму үшін жауапкершілігі теңдей, барлық мемлекеттердің мүдделері ескерілген жағдайда ғана мықты әрі орнықты болатынын айтты.

ЕурАзЭҚ-қа мүше-мемлекеттерге келешекте өзге елдердің қосылуы үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Кеден одағы мен БЭК-ке жаңа елдердің кіруі нарық өтімін кеңейтуге, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, қосымша жұмыс орындарын ашуға және инвестицияның құйылуына жағдай жасайды.

- Бүгінгі кездесу өзара тиімді нәтижелерге жету мақсатында интеграциялық үдерістердің жаңа секторын анықтайтынына сенемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшылары оның атқарушы құрылымдарын оңтайландыру жолымен Ұйымның тиімділігін одан әрі арттыру қажеттілігі туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, мемлекет басшылары ЕурАзЭҚ жалпы алғанда, өзінің құрылтайшылық шарттарында тұжырымдалған алға қойған мақсаттар мен міндеттерді орындады деген қорытындыға келді.

Отырыстың қорытындысы бойынша 15 құжат пакеті, атап айтқанда, ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің төрағасы және төрағаның орынбасары туралы, ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитетінің төрағасы туралы және кезекті отырысы туралы шешімдер қабылданды.

ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің келесі отырысын 2013 жылдың екінші жартысында Мәскеуде өткізу жоспарланып отыр.              


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің