Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы аясында Грузия Президенті Саломе Зурабишвилимен де екіжақты келіссөздер жүргізді. Мемлекеттер көшбасшылары екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық салаларда өзара іс-қимылдарды кеңейту қажеттігін атап өтті. – Қазақстан Сіздің еліңізбен достық қарым-қатынасты дамытуға, саяси диалогты тереңдетуге және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор мән береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыстардың, соның ішінде, қазақстандық Ақтау және Құрық порттарын пайдалану арқылы екі ел арасындаға жүк тасымалын жүзеге асырудың маңыздылығын айтты. Өз кезегінде, Саломе Зурабишвили Грузияның инвестициялық және көлік-логистикалық жобаларына Қазақстан капиталының белсенді қатысып отырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.