Брифинг барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Тәжікстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері өзара сенім мен достыққа негізделген саясат жүргізіп келе жатқанын айтты.
Тәжікстанда 90-жылдардың басында қиын кездер болды, бірақ біз әрдайым тәжік халқымен бірге болдық. Мүмкіндігімізге қарай гуманитарлық және әскери-техникалық көмек көрсеттік. Өйткені, біздің халықтарымыз Орталық Азияда бір-біріне деген құрмет негізінде өмір сүріп, өзара ықпалдасуға үйренген, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы аумақтық және мәдени-тарихи жақындық секілді оң үрдістер бар екенін ескере отырып, елдеріміздің арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту қажеттігіне назар аударды.
Қол қойылған стратегиялық серіктестік туралы келісім 80 құжаттан тұратын қолданыстағы шарт базасына серпін беретін болады. Қазақстан бүгінде индустриялық даму саясатын жүргізіп отырғандықтан, жекеменшік тәжік компанияларын мүмкіндігінше ынтымақтастыққа шақырамыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев екі ел бір-бірін ЕҚЫҰ, БҰҰ және ИЫҰ сияқты жаһандық ұйымдар аясында қолдау көрсетіп келе жатқанын атап көрсетті.
Біз тәжік тарапына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне біздің кандидатурамызды қолдағаны үшін ризамыз. Сіздің ел су-энергетика саласындағы қарым-қатынастар бойынша да сындарлы көзқарас ұстанып келеді, – деді Елбасы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Тәжікстанның халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл барысындағы рөлі зор екенін атап өтті
Соңында Қазақстан Президенті мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігіне назар аударды.
Біз күні кеше Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Бізде ортақ мәдениет пен тарих бар. Біздің өңірде ғасырлар бойы ұлы оқиғалар болып өтті, олар біздің халықтарымызды біріктіре түсті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Брифинг аяқталғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев И.Сомонидің ескерткішіне гүл шоғын қойды.