БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президенті Анджей Дудамен екіжақты келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында мемлекеттер көшбасшылары екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары, соның ішінде, Еуропалық Одақ шеңберіндегі қарым-қатынас мәселесін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының аясындағы жоғары деңгейдегі Қазақстан-Польша кездесулері игі дәстүрге айналғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Анджей Дуданың 2015 жылы қыркүйек айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен танысқанын, сондай-ақ, Польша көшбасшысының 2018 жылдың қаңтар айында Елбасымен бірге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тақырыптық брифингіне қатысқанын мысалға келтірді.
Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан мен Варшава арасындағы достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын екенін атап өтіп, Қазақстан мен Польша арасындағы байланыстардың беки түскенін айтты.
– 2018 жылы елдеріміздің арасындағы екі жақты тауар айналымы 1,2 млрд долларды құрады. Қазақстанда Польшаның 100-ден астам компаниясы белсенді жұмыс істеуде. Біздің қарым-қатынастарымыздың дамуына Қазақстанның Польша азаматтары үшін визалық режимді алып тастауы, сондай-ақ, 2017 жылы Нұр-Сұлтан мен Варшава арасында тікелей әуе қатынасының іске қосылғаны елеулі үлес қосты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Анджей Дудаға Қазақстанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанын айтты. Дәл осындай құрылым Польша Президентінің басшылығымен бұл мемлекетте де жұмыс істейді.