Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Эмомали Рахмонға еліне шақырғаны және қонақжайлықпен қарсы алғаны үшін алғыс айтты, сондай-ақ тәжік халқын екі маңызды мерекемен – Тәуелсіздік күнімен және Гиссардың 3000 жылдығымен құттықтады.
Қазақстан мен Тәжікстанды өзара құрмет пен сенімге негізделген дәстүрлі достық қарым-қатынастар байланыстырады. Біздің елдеріміздің арасында саяси да, экономикалық тұрғыдан да келіспеушілік жоқ. Тәжікстан бізбен бауырлас ел, сондықтан біз оның орнықты дамуына мүдделіміз. Әлемдік экономикадағы қазіргідей күрделі жағдайда біздің бірлескен ынтымақтастықты дамытуға қажетті мүмкіндіктеріміз бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ елдеріміз халықаралық саясатта ортақ қағидаттарға сүйенетінін, бұған ШЫҰ, АӨСШК және ҰҚШҰ секілді ұйымдар аясындағы тығыз ынтымақтастық айғақ екенін айтты.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға көңіл бөліп отырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. Сонымен қатар, бүгінде екі елдің серіктестігі түрлі салада, соның ішінде сауда-экономика саласында нығайып келе жатқанына тоқталды.
Сіздің бүгінгі сапарыңыз біздің елдеріміздің арасындағы тату көршілік қарым-қатынастарды дамыту үшін тың серпін береді, – деді Тәжікстан Президенті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
– Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік туралы шарт;
– ҚР Үкіметі мен ТР Үкіметі арасындағы ақпаратты техникалық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
– ҚР СІМ және ТР СІМ арасындағы ынтымақтастық бағдарлама;
– ҚР Үкіметі мен ТР Үкіметі арасындағы еңбек қызметі және еңбек мигранттарының, екі елдің аумағында уақытша жұмыс істейтін ҚР және ТР азаматтарының құқықтарын қорғау туралы 2006 жылғы 4 мамырдағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
– ҚР Үкіметі мен ТР Үкіметі арасындағы білім саласындағы 2000 жылғы 13 маусымдағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
– ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ТР Үкіметі жанындағы жастар ісі, спорт және туризм комитеті арасындағы келісім.