Мемлекет басшылары екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттарды қарастырды. Сонымен қатар екі елдің көшбасшылары Украинадағы ахуалды, оны барлық мүдделі тараптардың қатысуы арқылы реттеу жолдарын талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәнді мәселелері жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік беретін бұл кездесудің маңыздылығына тоқталды.
– Барлық қиындықтарға қарамастан Рада сайлауын өткізіп, үкімет құра алғандығыңыз үшін Сізді құттықтағым келеді. Бұл – Сіздің президент ретіндегі алғашқы үлкен жеңісіңіз. Минск хаттамасының әзірленуі де Сіздің еңбегіңіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті елдеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды қалпына келтіру және деңгейін көтеру қажеттігіне назар аударды.
– Қазақстанда Украинаның коммуналдық және ауыл шаруашылығы техникалары кеңінен қолданылады, азық-түлік әкелінеді. Украинаға біз де өз өнімдерімізді жеткізіп отырдық. 4 миллиард долларды құраған тауар айналымының көлемі күрт төмендеді. Бірақ бұрынғы көрсеткішке жетуге біздің мүмкіндігіміз бар. Бұл орайда, үкіметаралық комиссия табанды жұмыс жүргізіп, ынтымақтастық жолдарын табуы тиіс. Мен ондай мүмкіндіктердің бар екенін білемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Украина төңірегіндегі ахуалды бейбіт реттеуге бағытталған барлық шараларды қолдайтынын айтты.
– Қазіргі жағдай ешкімге пайда бермейді. Барлық елдермен достық қатынаста екенімізді ескере отырып, біз осы мәселе жөнінде Сізбен бірлесіп жұмыс істей аламыз. Біз белгілі бір шешімге келіп, адамдардың опат болуын тоқтатуға септігін тигізетін шаралар қабылдау үшін іс-қимылдарымызды үйлестіре аламыз деп үміттенемін, – деді Қазақстан Президенті.
П.Порошенко екі мемлекеттің өзара ықпалдастығының әлеуетін сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да негізгі салаларда белсенді түрде пайдалану қажеттігіне тоқталды.
– Елдеріміз арасындағы кедергіні жоюға ықпал ететін үкіметаралық комиссияның жұмысын бастау қажет. Сізге Украинаның егемендігін, аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдау тұрғысындағы берік әрі сындарлы ұстанымыңыз үшін алғыс айтамын. Бізге Минскіде қысқаша әңгімелесуге мүмкіндік туды. Жасалған мәлімдемелер, уағдаластықтар нақты көрініс тауып отыр. Украина мұны жете бағалайды, – деді Украина Президенті.