Қазақстан Президенті кездесу барысында саммиттің дәстүрге сай жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, Еуропалық комиссия төрағасын биылғы желтоқсанда Санкт-Петербургте өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына қатысуға шақырды. Жан-Клод Юнкер «Азия-Еуропа» форумының XII саммитіне Қазақстан делегациясының және Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзінің қатысуының маңыздылығын атап өтті. – 2008 жылғы Қазақстанға жасаған сапарым және әлемдегі тұрақтылық туралы әңгімеміз менің есімде. Біздің жиі кездесіп тұрғанымыз жөн, – деді Еуропалық комиссия төрағасы. Тараптар халықаралық саясаттың күн тәртібін, соның ішінде жаһандық қауіпсіздік проблемаларын қарастырып, Еуразия экономикалық одағының Еуропа Кеңесімен ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті саммит барысында Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Ли Кэцянмен, Ресей Федерациясының және Италия Республикасының премьер-министрлері Дмитрий Медведевпен және Джузеппе Контемен кездесті.