National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті

2017 жылғы 27 желтоқсан

Нұрсұлтан Назарбаев ТМД елдері басшыларының бейресми саммитіне қатысуға шақырғаны үшін Владимир Путинге алғыс білдіріп, өткен келіссөздердің табысты болғанын айтты.

– Елдеріміз арасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Тәуелсіздіктің 26 жылы ішінде біз бір-бірімізге жақын бола түстік, шарттық базаны қалыптастырып, өзара ынтымақтастық үшін қолайлы жағдай жасадық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Еуразиялық интеграция мәселелеріне ерекше тоқталып, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың табысты екенін атап өтті.

– Біз барлық мәселелер бойынша, соның ішінде Каспий теңізі, «Байқоңыр» ғарыш айлағы жөнінде келіссөз жүргіздік. Ғарышты игеру саласында экологиялық тұрғыдан таза жанармаймен жұмыс істейтін зымыран тасушылардың жаңа түрін жасау жоспарланып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ресей Федерациясының Президенті екіжақты қарым-қатынастар табысты дамып келе жатқанына тоқталып, жоғары сарапшылық деңгейдегі мамандардың цифрлық технологияларды дамытуға арналған кездесуін Қазақстанда өткізу жөніндегі бастамасы үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

– Биылғы 10 айдың ішінде елдеріміз арасындағы тауар айналымының өсімі 34 пайызды құрады. Ең маңыздысы әрі перспективаға бағытталғаны – цифрлық технологиялар саласындағы біздің ынтымақтастығымыз бен бірлескен жұмысымыз. Қазақстан экономика, өңірлік және халықаралық қауіпсіздік, сондай-ақ елдеріміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету салаларында біздің негізгі серіктесіміз болды және солай болып қала бермек, – деді Ресей Президенті.

Сондай-ақ, кездесу барысында мемлекеттер басшылары энергетика, ғарышты игеру және цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің