Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, соның ішінде саяси өзара іс-қимыл орнату, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас жайын талқылады.
– Экономика кез келген мемлекеттің негізгі тұғыры болып саналады. Түрлі саладағы, мәселен, көлік-коммуникация саласындағы уағдаластықтар елдеріміз үшін зор мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бірлесе қабылданған мәлімдемеде екіжақты қарым-қатынасты дамытудың стратегиялық жолдары айқындалғанын атап өтті.
– Біз күн тәртібінде тұрған барлық мәселені талқыладық. Қол қоюға дайындалған құжаттар қарым-қатынасымыздың дамуының жаңа кезеңі болып саналады. Мемлекеттеріміз арасындағы тауар айналымының көлемін айтарлықтай арттыруға нақты мүмкіндіктер бар деп есептеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті республикамыздың Бакумен жан-жақты өзара іс-қимыл аясын кеңейтуге мүдделілігін және ол үшін қажетті әлеует бар екенін айтты. Бұл ретте сауда-экономикалық ынтымақтастық екіжақты қарым-қатынастың локомотиві болып саналады.
– Елімізде Қазақстан азаматы болып саналатын көптеген этникалық әзербайжандықтар тұрып жатыр. Олар Қазақстанда кәсіпорын ашып, бизнеспен айналысып, екі мемлекет арасындағы өзара достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға септігін тигізетін дәнекер іспетті, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев келіссөз барысында гуманитарлық байланыстар аясын кеңейту мәселелері қаралғанына назар аударды.
– Студенттер алмасу, екі елдің мәдени күндерін өткізу мәселелеріне тиісті деңгейде назар аудару қажет. Ол мәдени байланыстарымызды жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізетін болады, – деді Қазақстан Президенті.
Әзербайжан Республикасының Президенті Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы оның әлемдік аренадағы рөлі мойындалғанының көрсеткіші және Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке беделінің арқасы екенін атап өтті.
– Сіздің өңірлік қана емес, сонымен бірге әлемдік ауқымдағы бастамаларыңыз зор құрметке ие болып келеді. Екіжақты қарым-қатынастың дамуына көңіліміз толады. Бүгінгі сындарлы пікір алмасулар талқыланған көптеген мәселелер жөніндегі ұстанымдарымыздың ұқсастығын көрсетеді, – деді И.Әлиев.
Сондай-ақ, Әзербайжан көшбасшысы екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
– Біз екі мемлекеттің инвестиция саласындағы жұмысының қорытындысы бойынша оң нәтижелер бар екенін көріп отырмыз. Бұл шағын және орта бизнес саласының дамуына септігін тигізетін болады, – деді Әзербайжан Президенті.