National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Кеңейтілген құрамда Түрікменстан Президентімен өткізілген келіссөздер

2014 жылғы 02 желтоқсан

 

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында біздің еліміз Түрікменстанды жақын әрі сенімді серіктес ретінде қарастыратынын айтты.

Қазақстан Президенті осы сапар қазақ-түрікмен ынтымақтастығын дамытуға, болашақта оны стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаруға серпін беріп, өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша «сағат теңестіруге» мүмкіндік туғызатынын атап өтті.   

Нұрсұлтан Назарбаев сауда-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту қажеттігіне де тоқталды.

– Әлемдегі қолайсыз өзгерістерге қарамастан, Қазақстан мен Түрікменстан арасында өзара тауар айналымының өсімі байқалады, бұл біздің экономикаларымыздың дамуын көрсетеді. Бізге тауар айналымының миллион долларлық деңгейіне жету үшін барлық мүмкіндіктер мен ресурстарды пайдалану қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Г.Бердымұхамедов екіжақты байланыстарды нығайтудың, бизнес арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың, сондай-ақ білім және ғылым, мәдениет пен спорт салаларындағы ынтымақтастықты өрістетудің өзектілігіне тоқталды.

– Қазақстан Республикасы – Түрікменстанның ежелден сенімді экономикалық серіктесі. Алайда өзара ықпалдастық әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Елдеріміздің арасындағы сауда-экономикалық қатынастарға жақсылап талдау жүргізу керек деп есептеймін. Түрікменстан мен  Қазақстан тауар айналымын едәуір ұлғайтуға, өзара жеткізілімдерді әртараптандыруға қабілетті, – деді Түрікменстан Президенті.

Ол сондай-ақ елдеріміздің БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД және басқа да халықаралық, өңірлік ұйымдар аясындағы сындарлы ынтымақтастығына да тоқталып өтті.

   – Түрікменстан мен Қазақстанның жаһандық күн тәртібіне қатысты ұстанымдары ұқсас. Бұл – жалпыға ортақ бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау және қолдау, халықаралық лаңкестік пен экстремизм қатерлеріне қарсы тұру, қарусыздану саясаты, Ауғанстандағы ахуалды реттеу, – деді Г.Бердымұхамедов.  


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің