National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Еуропалық Комиссия төрағасы Ж.М. Баррозумен болған келіссөздердің қорытындысына арналған брифинг

2014 жылғы 09 қазан

 

Брифингтің алдында Нұрсұлтан Назарбаев және Ж.М.Баррозудың қатысуымен  Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақтың кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы Келісімінің жобасы бойынша келіссөздердің аяқталғандығы туралы құжатқа, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақтың Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі аясындағы екіжақты келіссөздерінің аяқталғандығы туралы құжатқа қол қою рәсімі болып өтті.

Қазақстан Президенті өз сөзінде Қазақстан мен Еуропалық одақтың арасында дипломатиялық қатынастар орнатқан сәттен бері жиырма жыл өткеніне және осы жылдардың бәрінде өзара іс-қимылымыз өрлеп отырғанына тоқталды.

 - Қазақстанның сыртқы саудасының 50 пайызы мен елімізге келген және экономикамызды көтерген тікелей шетелдік инвестициялардың 50 пайыздан астамы ЕО елдерінің үлесіне тиеді. Қазақстан өз кезегінде біріккен Еуропаның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды,  - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Ж.М.Баррозумен бірге бүгін Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақтың кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы жаңа Келісімі бойынша келіссөздердің аяқталғаны ресми түрде қуатталғанын айтты.

- Сондай-ақ бүгін Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақтың Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі аясындағы екіжақты келіссөздерін аяқтау туралы құжатқа да қол қойылды. Осы екі құжат та біздің ел үшін зор мәнге ие. Жаңа келісім дайындау мәселесін біз алғаш 2006 жылы қозғадық. Соңғы 3-4 жылда бұл бағытта келіссөздер  белсенді жүргізілді және атқарылған жұмыстардың арқасында табысты аяқталды. Қазақстан – Еуропалық одақпен екінші буын келісіміне қол қоятын Орталық Азиядағы бірден бір мемлекет. Бұл біздің Еуропалық одақпен диалогтың жаңа сапалы деңгейге шыққанын айғақтайды және серіктестігіміздің стратегиялық сипаты мен кемелденгенін көрсетеді, -деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Еуропалық одақтың арасындағы ынтымақтастықты көптеген салалар бойынша тереңдетуді қарастырған мықты заңнамалық іргетас қаланғанына назар аударды.

- Ол халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа атсалысуды қоса қамтитын саяси диалогты, сондай-ақ білім, денсаулық, мәдениет, инновациялар енгізу мәселелерін қамтиды. Біз құқықтық салада, соның ішінде терроризмге қарсы тұру, ұйымдасқан және трансұлттық қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге ниеттіміз. Сонымен қатар, жаңа Келісімде өңірлік ынтымақтастықты жандандыру жағы да көрініс тапқан, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңартылған Сауда тарауы жаңа Келісімнің негізгі аспектілерінің бірі болып саналатынын атап өтті.

- Ол Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі аясында қабылдайтын, сондай-ақ Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шарт аясында қабылданған міндеттемелерін ескерген. Тараптар арасында виза режимін жеңілдету туралы келісімді Реадмиссия туралы келісіммен бір мезгілде әзірлеу мүмкіндігі туралы уағдаластық Қазақстан мен ЕО қарым-қатынасындағы нағыз серпілістің бірі болғанын айрықша атап өткім келеді, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Келісімді жүзеге асыру Қазақстан мен ЕО арасындағы экономикалық байланыстардың кеңеюіне септігін тигізетініне сенім білдірді.

- Жаңа Келісім – қазақстандық және еуропалық кәсіпкерлердің табысты қызметі үшін қажетті жағдайды қамтамасыз ететін практикалық құрал. Сонымен қатар ол азаматтарымыздың арасындағы байланыстарды нығайтатын болады. Қазақстан 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясын қабылдап, озық 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп қойды. Еуропалық одақтың орасан әлеуеті мен бірегей тәжірибесін ескере отырып, біз еліміздің алдында тұрған амбициялы міндеттерді жүзеге асыруда оның қолдауына үміт артамыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Ж.М.Баррозумен кездесу барысында өңірлік аядағы көптеген мәселелер талқыланғанын айтты.

- Бізді Украинада болып жатқан оқиғалар алаңдатады. Біз осы елдегі жағдайды тұрақтандыруға атсалысуға дайынбыз, бұл қақтығысушы тараптардың да, жалпы әлемдік экономиканың да дамуына кедергі болып отырған санкцияларды біртіндеп алып тастауға негіз қалар еді, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сапалы диалог пен келіссөздерді аяқтау туралы құжатқа қол қойылғаны үшін Ж.М.Баррозу мен Еуроплық Комиссия мүшелеріне тағы да ризашылығын білдірді.   

Еуропалық Комиссия басшысы өз кезегінде соңғы жылдары серіктестіктің нығайғанын, ал байланыстар барынша қарқын алғанын атап өтті.

- Қазақстан қазіргі кезде Еуропалық одаққа сауда-экономика саласында ғана емес, өңірде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту саласында да маңызды серіктес болып саналады. Және біздің ынтымақтастығым кеңейіп келеді. ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы жаңа Келісім барынша берік саяси, экономикалық және стратегиялық өзара іс-қимылға едәуір септігін тигізеді, сондай-ақ тауар айналымы мен тараптар арасындағы инвестицияларды қамтитын болады, - деді Еуропалық Комиссия төрағасы.

Ж.М.Баррозу сонымен қатар Н.Назарбаевтың Украинадағы ахуалды реттеудегі рөлін де атап өтті.

Соңында Еуропалық Комиссия төрағасы Қазақстан Президентінің сапары маңызды болғанын атай отырып, ынтымақтастықты бұдан әрі дамыту бойынша тұщымды пікір алмасулар үшін Елбасына алғыс айтты. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің