Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге және ресейлік делегацияға қонақжайлығы үшін ризашылық білдірді.
– Бұдан он жыл бұрын біз бұл форумға бастамашы болған едік. Осы жылдар ішінде ол оң бағасын алып, біздің екі елдің ынтымақтастығының маңызды факторына айналды. Қазақстан мен Ресей адамдардың, кәсіпорындардың, экономиканың өзара байланысы сақталуы үшін посткеңестік кеңістікте, сірә, барлығынан да көп жұмыс жасаған болу керек. Біз көршіміз, ал көршіні таңдамайды. Біздің бабаларымыз осылай тіршілік етті, біз де солай тіршілік жасаудамыз және біздің ұрпақтарымыз да осылай өмір сүретін болады. Қарым-қатынасымызды жақсартуға жұмыс істеу маңызды. Ол – болашақ ұрпақтың өмірінің іргетасы, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өңіраралық ынтымақтастықтың оныншы форумы тақырыбының өзектілігін, оның өңірлік интеграцияны тереңдетудің, әлемдік нарықта екі ел өнімдерін бірлесіп ілгерілетудің маңыздылығының белгісі екенін атап өтті.
–Дүниежүзілік сауда ұйымына кіре отырып, құрылған Кеден одағының аясындағы бәсекелестік күресте алдын ала шыңдалып шығу өте маңызды. Ол осы екі жыл ішінде өзінің тиімділігін көрсетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы алға қойылған міндетті шешудің жүйелі даму үстіндегі Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті жеңілдете түсетінін айтты. Бұл интеграциялық бірлестіктер екіжақты қарым-қатынастардың дамуына берік негіз болады.
Мемлекет басшысы форум жұмысын қысқаша қорыта келіп, Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының кең ауқымды мәселелерін талқылау нәтижелі болғанына тоқталды.
– Екатеринбургтегі форум өте табысты өтті. Оның нәтижелері саудадағы өзара қарым-қатынасымыз, экономикалық ынтымақтастығымыз нығая түсуіне ықпал ететін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қол жеткен уағдаластықтардың стратегиялық серіктестікке жаңаша қарқын беріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретінін атап көрсетті.
Форумның тарихи оқиғасы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 21 ғасырдағы тату көршілестік пен одақтастық туралы шартқа қол қойылуы болды. Құжат Қазақстан мен Ресейдің екіжақты ынтымақтастығының барлық негізгі бағыттарын айқындап берді. Онда қазіргі заманғы жаңа сын-қатерлер ескеріле отырып, анағұрлым тығыз өзара ықпалдастық бедерлері көрініс тапты.
Өз сөзінде Ресей Президенті мерейтойлық форум іскерлік, сындарлы ауанда өткеніне тоқталды.
– Қазақстан Президентімен әңгімелесу барысында, одан соң пленарлық отырыс кезінде біздің көпжоспарлы серіктестігіміздің ең өзекті мәселелері талқыланды. Өңіраралық ынтымақтастық форумдары 2003 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және екіжақты практикалық кооперацияны дамытуда маңызды рөл атқарады. Мұнда өңірлердің транзит-көлік әлеуетін дамыту, энергетика саласындағы, орнықты экономикалық даму мен жоғары технологиялар саласындағы өзара ықпалдастықты нығайту тәрізді маңызды мәселелер қаралады, – деді Владимир Путин.
Ресей Президенті экономикалық өзара ықпалдастықтың жоғары қарқынына тоқтала келе, биылғы жылдың тек 9 айында ғана екі ел арасындағы тауар айналымы 15 %-ға өсіп, 18 миллиард долларға жеткенін атап өтті.
***
Форум қорытындысы бойынша мемлекетаралық серіктестікті тереңдетуге бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды:
– Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілестік пен одақтастық туралы шарт;
– Қазақстан мен Ресейдің «РОСТ-ӨРЛЕУ» өнеркәсіп колледждері қауымдастығын құру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;
– Қазақстан Республикасының аумағы арқылы мұнай тасымалдаудың алдын ала шарты және кепілдігі;
– Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Ресей Федерациясы Өнеркәсіп және сауда министрлігі арасындағы өнеркәсіп саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
– Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 2013-2014 жылдарға арналған өнеркәсіп кооперациясын жандандыру жөніндегі жол картасы;
– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Имашев кен орнының газ конденсатын игерудегі ынтымақтастық туралы келісімге хаттама;
– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Шекара маңы аумақтарында орман және дала өрттерінің алдын алу мен сөндіру жөніндегі келісім.
Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының келесі XI форумы 2014 жылы Атырауда өтеді.