Брифинг барысында Нұрсұлтан Назарбаев бұл сапар екі ел арасындағы тығыз байланыстардың тағы бір дәлелі болып табылатынын атап өтіп, Қазақстан Өзбекстанмен қарым-қатынастарға ерекше мән беретініне тоқталды.
- Біздің ынтымақтастығымыз барлық туындаған мәселелерді шешуге деген сындарлы көзқарасымен ерекшеленеді. Өңірдегі тыныштық пен қауіпсіздік, сондай-ақ, одан әрі өсіп-өркендеуіміз көбінесе Қазақстан мен Өзбекстанның өзара ықпалдастығы мен ортақ ұстанымына байланысты болады, - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сапар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылғанына 15 жыл толған кезде өтіп отырғанының символдық мәнін атап көрсетті.
- Бүгін қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы шарт елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті кең ауқымдағы мәселелер талқыланғанын айта келе, келіссөздер қорытындысына қанағаттанушылық сезімін білдірді. Бұл ретте өңірдегі су проблемасына қатысты екі елдің көзқарасы көп жағынан бір-біріне сәйкес келетіні атап өтілді.
- Біз осынау өмірлік маңызы бар саладағы ынтымақтастық өзара сенімді нығайту негізінде ғана мүмкін болатынына сенімдіміз. Өңірдегі барлық елдің транспаренттілігі мен мүдделерін ескеру қажет. Біз өз көршілерімізге бұл мәселелерді өзіміз шешуіміз қажеттігі, шешілмейтін проблема жоқ екені айтылған достық сәлемімізді жолдағымыз келеді, - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық серіктестікті дамыту үшін Екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмысын жандандыру, сондай-ақ, екі ел басшысының тапсырмасы бойынша Іскерлік кеңес құру аясында өзара іс-қимыл аясын кеңейту маңызды екеніне тоқталды.
Бұған қоса, Қазақстан Президенті мәдени-гуманитарлық серіктестікті тереңдетуге назар аударды, оны одан әрі нығайту үшін 2013-2015 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.
Сөз соңында Мемлекет басшысы өзінің Өзбекстанға сапары қазақ-өзбек қарым-қатынастарын нығайтуға ықпал етіп, оны сапалы жаңа деңгейге шығаратыны жөніндегі пікірін білдірді.
Өз кезегінде Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов Нұрсұлтан Назарбаевқа ресми сапармен келу туралы шақыруын қабылдағаны үшін алғысын айтып, бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынастарды тереңдету үшін стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.
- Қазақстан делегациясының сапарын біз көп жоспарлы өзбек-қазақ қарым-қатынастарын дамытудағы маңызды оқиға ретінде қарастырамыз. Ол біздерді қызықтыратын мәселелер жөніндегі ортақ пікір алмасуды жалғастырудың жақсы мүмкіндігі болып саналады, - деді И.Каримов.
Өзбекстан басшысы келіссөздер барысында тек мемлекетаралық қана емес, сондай-ақ, өңірлік, халықаралық мәселелердің кең ауқымы талқыланғанын мәлімдеп, оларды шешуде екі елдің көзқарасының ортақтығын атап өтті.
И.Каримов Қазақстан мен Өзбекстанның өзара ықпалдастығының негізі барлық бағыттар бойынша дамыту қажет экономикалық қатынастар болып саналатынын айтты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік туралы шартқа, Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі мен Өзбекстан Республикасы ішкі істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Мәдениет істері және спорт министрлігі арасындағы 2013-2015 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік кеден комитеті арасындағы кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын-ала ақпараттар алмасуды ұйымдастыру туралы хаттамаға қол қойылды.