National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бішкекте Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты

2013 жылғы 28 мамыр

Кездесудегі күн тәртібінің негізгі мәселелері ҰҚШҰ-ның ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің қазіргі ахуалы және оны одан әрі жетілдіру жайы болды.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін де талқылады. Оған қоса елдердегі тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі бағыттары, сондай-ақ жаңа сын-қатерлерге қарсы тұру тетіктерін әзірлеу жөніндегі шаралар қаралды.

Нұрсұлтан Назарбаев бейресми кездесуді ұйымдастырғаны үшін қабылдаушы тарапқа алғысын білдіре келіп, елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелері 29 мамырда Астанада да талқыланатынын атап өтті.  

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кездесуінен соң ұйымның Бас хатшысы Н.Бордюжа бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында сөз сөйлеп, қаралған мәселелер мен қабылданған шешімдер туралы айтып берді.

Атап айтқанда, Н.Бордюжа кездесуде 2014 жылы коалиция әскерлерін шығарған соң Ауғанстандағы жағдайдың күрделіленіп кетуіне жол бермеу шараларын қабылдау қажеттігі туралы сөз қозғады. Осыған байланысты  әскери құрамды күшейту, сонымен қатар ауған билігіне елдегі ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуіне көмек көрсету жөнінде нақты шешімдер қабылданды.

Оған қоса Қырғыз Республикасы Президентінің бастамасымен «Ресей-Қазақстан-Қырғызстан-Тәжікстан» бірыңғай теміржол желісін салу ұсынысы қаралды. Бұл мәселе ұйымның қызметі саласына жатпайтынын ескере келіп, тиісті елдердегі мемлекеттік органдарға аталған жобаны жүзеге асыру қажеттігін қарастыруды тапсыру жөнінде шешім қабылданды.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы өзге мемлекеттердің қосылуына жол ашық өңірлік халықаралық ұйым ретінде 2002 жылғы 7 қазанда Кишинев қаласында құрылды.  

Ұйымға Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы мүше болып саналады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің