Испания Корольдігіне сапары аясында өткен кездесулер барысында Нұрсұлтан Назарбаев испандық жетекші компаниялардың басшыларымен экономиканың түрлі салаларындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.
Осы орайда құрылыс және тау-кен өнеркәсібін, теңіз порттарын, әуежайларды, автомобиль жолдарын және теміржолды қоса алғанда, азаматтық мақсатта пайдалану үшін жарылғыш қолдану жүйесі өндірісі саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, ғылыми және инженерлік зерттеулер үшін түрлі үдерістерді компьютерлік ынталандыру мақсатында пайдаланылатын бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу саласындағы серіктестік мүмкіндіктері талқыланды.
«Максам» компаниясына әлемнің 40 еліндегі өндірістік қуаты бар 140-тан астам кәсіпорын кіреді. Ол Қазақстан Республикасының тау-кен өнеркәсібінде 2002 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында өнеркәсіптік мақсаттағы жарылғыш заттар өндіретін үш зауыт салды. Компанияның еліміздегі персоналының саны - 181.
«OHL» компаниясы инфрақұрылымның түрлі нысандарын жобалауға, құрылысын жүргізуге және пайдалануға беруге мамандануда. Нысандар құрылысы 39 елде жүзеге асты. Қазіргі жобалар 30 мемлекетте іске асырылуда.
«Next Limit Technologies» компаниясы компьютерлік ынталандыру саласындағы өздерінің бағдарламалық өнімдерінің сапасы мен қуатының арқасында бүкіл әлемге танымал. Техникалық қызметкерлері алыста, Еуропаның көптеген елдерінде, сондай-ақ АҚШ-та жұмыс істейді.