Саммитке Әзербайжан Республикасының Президенті И.Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев, Түркия Республикасының Президенті А.Гүл және Түркіменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары С.Тойлиев те қатысты.
Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде Түркі кеңесі аясы кеңейген танымал халықаралық ұйымға айналғанын атап өтті.
– Ұйым экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Өзара ынтымақтастық пен бірліктің артуы «Түркі әлемі» атты ортақ брэндті жер-жаһанға танытып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өз сөзінде Кеңес қызметінің бүгіні мен болашағына қатысты ойын да бөлісті.
– Түркі кеңесінің беделін арттыру үшін оның Ұйым ретіндегі институционалдық негізін қалыптастыруға бар күшімізді жұмсауымыз қажет.
Осыған қатысты кейбір маңызды құжаттарды ратификациялауды тезірек аяқтаған жөн. Түркі кеңесінің негізгі жұмыс органы – Хатшылықтың қызметі біз үшін аса маңызды. Бұл жұмыс Ұйымның тұңғыш Бас хатшысы Халил Ақынжы мырзаның еңбегі арқасында іске асуда. Біз оның түркітілдес елдер арасында ынтымақтастық орнатудағы қызметін жоғары бағалаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бауырлас халықтар мен көрші елдер арасындағы өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.
– Бүгінгі күні тәуелсіз 6 түркітілдес мемлекеттің ортақ жалпы ішкі өнімі 1 триллион 150 миллиард долларға жетіп отыр. Осыған қарамастан, елдер арасындағы сауда айналымы әлеуетімізге сай емес. Мәселен, 2012 жылғы деректер бойынша, Қазақстанның түркітілдес елдермен сауда көлемі небәрі 8 миллиард доллар болды. Қазақстанның жалпы сыртқы саудасында 5 түркітілдес елдің жиынтық үлес салмағы 6 пайызға да жетпейді, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың аяғында Қазақстан 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдағанын, әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосылу мақсатын алға қойып отырғанын атап көрсетті.
– Елімізде Үдемелі индустрияландыру бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2010 жылдан бастап жалпы құны 14 миллиард долларға шамалас 600-ге жуық жоба іске қосылды. Біз өнеркәсіптік қуатты импорттауға, жаңа технология алмасуға баса мән беріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті біздің еліміз жаңа энергия көздерін пайдаланып, «жасыл экономиканы» дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
– Осы орайда Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің маңызы зор. Бұл ауқымды шараға барлық түркітілдес мемлекеттер белсене атсалысады деп сенемін. Осы арқылы бәріміздің ортақ игілігіміз үшін маңызды бағыт – Туризмнің дамуына мүмкіндік туады. Бұл салада тәжірибе алмасу, мамандарды бірлесе даярлау, ортақ саяхат бағдарын белгілеу керек. Сол мақсатта Хатшылық аясында Туризмді дамыту жөніндегі жұмыс тобын құруды ұсынамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы коммуникацияны дамытуға көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды.
– Көлік және коммуникациялар экономикалық қуатымызды дамытуға негіз болуға тиіс. Бүгінгі басқосуымыздың осы тақырыпқа арналуы бекер емес. Біз 2020 жылы Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдауды екі есе, 2050 жылға қарай он есе арттыруды көздеп отырмыз. Келешекте ел аумағы арқылы жүк тасымалдауды жылына 50 миллион тоннаға жеткізу жобалануда. 2011 жылы Ресей, Қытай және Германиямен бірігіп, Қытайдан Германияға Қазақстан арқылы өтетін «Чунцин – Дуйсбург» контейнерлік пойызын іске қостық, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуропаны біздің өңір арқылы Тынық мұхитпен жалғайтын жаңа әуе, теңіз, автокөлік жолдарын, темір жолдар мен құбырлар салу жоспарда бар екенін атап өтті.
– Қытаймен шекарадағы «шығыс қақпамыз» – «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы жұмыс істейді. Еліміздің батысында «Ақтау» теңіз портын кеңейту жобасы мен Ақтөбеде логистикалық орталық құрылысы жүзеге асырылуда. Бұл жобалар еліміздің Каспий өңіріне, одан әрі Ресей мен Еуропаға жол ашатын «батыс қақпасы» қызметін атқарады. Келешекте Сары теңіздегі Ляньюньгань Қытай портында терминалдық инфрақұрылым салынады. Біз Түркия, Әзербайжан және Қазақстан теңіз порттары арасында ынтымақтастықты дамыту арқылы Каспий теңізінің көліктік әлеуетін арттыру мүмкіндігіне ие болдық. Осы орайда, көлік және коммуникация министрлерінің бірінші рет кездесу өткізуін құптаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы Қазақстан арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансқұрлық автокөлік дәлізін ашуды жоспарлап отырғанымызды жеткізді.
– Биылғы жылғы мамыр айында «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» теміржолының қазақ-түркімен бөлігін ресми түрде түйістірдік. Енді біз «Баку – Тбилиси – Карс» теміржолының тезірек іске қосылуын күтеміз. ТРАСЕКА халықаралық көлік дәлізі аясындағы мультимодалды көлік контейнерлік пойызының жобасы да маңызды. Өзара сауда айналымы мен көлік әлеуетін ілгерілету үшін кеден саласындағы қарым-қатынасты жандандыру қажет. Ол үшін халықаралық стандарттар мен озық технологияларды тиімді пайдалану керек, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы елдеріміз арасындағы білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап көрсетті.
– Түркі әлемінің қанына сіңген төзімділік, имандылық, адамгершілік қасиеттерін кеңінен насихаттаған жөн. ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының жұмысына белсене атсалысу керек. Білім мен тәжірибе алмасу, түркологтарды бірлесе даярлау, түркі мұрасын зерделеуде Түркі академиясының мүмкіндігі зор. Түркі кеңесінің Алматыда өткен бірінші саммитінің шешіміне сәйкес, «Түркі дүниесі» альманағы жыл сайын жарық көруде. Сондай-ақ Академия дайындаған «Түркілік тәрбие антологиясының» маңыздылығы жоғары. Биыл Түркістан қаласында «Қазіргі түркі әлемі: нақты ахуал және даму болашағы» атты алғашқы халықаралық симпозиум өтеді. Осы маңызды іс-шараға барлық түркітілдес елдер ғалымдарының белсене қатысуын қалаймыз. Түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін насихаттауда ТҮРКСОЙ-дың атқарар рөлі зор. Біз биыл бұл ұйымның құрылғанына 20 жыл толуын атап өтеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында Ұйымға төрағалығы Қырғыз Республикасынан Әзербайжан Республикасына ауысқанына тоқталды. Осы орайда, Мемлекет басшысы А.Атамбаевқа ризашылық білдіріп, И.Әлиевке Кеңес қызметін дамыту жолында толағай табыс тіледі.
Отырыста сөз сөйлеген мемлекет басшылары, Түркіменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары және Түркі кеңесінің Бас хатшысы өткен жыл ішінде ұйым қызметінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгенін, оны одан әрі дамытуға бағытталған маңызды жұмыстар жүргізілгенін атап өтті.
Сондай-ақ И.Әлиев Түркі кеңесіне төрағалықты қабылдаған елдің президенті ретінде Қырғыз Республикасына ұйымды дамытуға күш салғаны үшін алғыс айтты.
– 2009 жылы Нахчыванда өткен саммиттен бергі уақытта түркітілдес мемлекеттер арасында ынтымақтастықтың жаңа үлгісі қалыптасқанын зор мақтаныш сезіммен айтуыма болады. Осы уақыт ішінде қол жеткізілген, соның ішінде экономика мен мәдениет салаларындағы барлық жағымды үрдістер нығая түсуге тиіс. Кеңес саммиттері нақ осы мақсаттарға қызмет етеді. Мен соның арқасында тамаша нәтижелерге қол жеткізілетініне сенемін, – деді Әзербайжан басшысы.
Отырыстың қорытындысында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі үшінші саммитінің декларациясы қабылданды.
Сонымен қатар, мемлекет басшылары «Бас хатшы Халил Ақынжының қызметте болу мерзімі» туралы шешімге қол қойды.