National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасына ресми сапары аясында қазақ-түрік бизнес-форумының жабылуына қатысты

2012 жылғы 12 қазан

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан сауда-экономикалық саладағы негізгі серіктестердің бірі ретінде Түркияға айрықша назар аударатынын атап өтті.

- Екі елдің арасындағы тауар айналымы жоғары қарқынмен өсіп келеді. Бұл өсімге біздің елімізде белсенді жұмыс істейтін 400-ге жуық түрік компаниясы елеулі үлес қосуда. Бүгін осы жиынға біздің елдің жүзге жуық, түрік компаниялары мен бизнес-құрылымдарының мыңға жуық өкілдері қатысуда. Осы іс-шараның аясында жалпы сомасы 1 миллиард АҚШ долларына жуық келісім мен құжатқа қол қойылды. Қазақстан жоғары технологияны пайдалана отырып, оны жаңғыртудың басты стратегиялық бағытына айналған экономиканы индустрияландырудың ауқымды бағдарламасын дәйектілікпен іске асыруда,  - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті екі жарым жылда индустрияландыру бағдарламасы аясында сомасы 11 миллиард АҚШ долларын құрайтын 443 жоба пайдалануға берілгеніне, 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылғанына тоқталды. Қазақстан Түркияның индустриялық базасын дамыту тәжірибесін лайықты бағалайды. Бүгінде металлургия, энергетика, логистика, тоқыма, азық-түлік, химия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды іске асыру үшін әлеует жеткілікті.

- Қазақстан елдің экономикасын дамытуда шетел бизнесінің қатысу аясын кеңейтуге мүдделі. Сондықтан да біз инвестицияларды қорғау жөніндегі қажетті шараларды қабылдаймыз. «Инвесторларды қорғау» индикаторы бойынша Дүниежүзілік банктің «Doing Business 2011» рейтингінде Қазақстан 2007 жылмен салыстырғанда 34 орынға көтерілді. Сөйтіп, біздің еліміз 183 мемлекеттің арасында 10-шы орынды иеленіп отыр. Ал «Бизнесті жүргізу жеңілдігі» индикаторы бойынша Қазақстан соңғы бес жыл ішінде 80-ші орыннан 47-ші орынға көтерілді. Рұқсат беру құжаттарының көлемі қысқарды және оны иелену тәртібі жеңілдетілді. Бұл бизнесмендердің уақытын үнемдеуіне және қаржылық шығынын азайтуға мүмкіндік береді, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ қазір Орталық Азиядағы барлық шетел инвестициясының 80 проценті  Қазақстанның үлесінде екенін айтып өтті.

- Тәуелсіздік жылдарында біз елде тұрақты инвестициялық ахуал қалыптастырдық. Осы кезеңде шетелдерден 166 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылды. Бұл - біздің экономикамыздың қарқынды өсуіне ықпал еткен факторлардың бірі, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы 2010 жылы Қазақстан Ресей және Беларусь мемлекеттерімен бірге Кеден Одағын құрғанын атап көрсетті.

- Мен осы мәселеге түрік инвесторларының назарын аударғым келеді. Аталған елдер арасындағы кедендік кедергілер толығымен алынып, тауарлар еркін өткізілетін болды. Қазір осының арқасында 170 миллионға жуық адамды қамтитын бірыңғай нарық қалыптасты. Бұл, жалпы алғанда, бір жарым триллион АҚШ долларына жуық ішкі жалпы өнім көлемін құрайды. 2011 жылы Қазақстандағы түрік тауарларының импорты 2009 жылмен салыстырғанда 30 процентке артты. Бұл көрсеткішке Кеден одағы арқылы қол жеткізілгенін айта кету керек. Сөйтіп, Қазақстанда өндіріс орнын құруға инвестиция салу үшін барынша қолайлы ахуал қалыптасты. Сонымен қатар, екі ел арасында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді ынтымақтастықпен дамыту қажет. Мәселен, қазір маңызды саналатын энергия үнемдеу, «жасыл экономика», зиянды қалдықтарды азайту, нанотехнология және басқа бағыттарды қолға алған жөн, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті екі елдің кәсіпкерлері арасындағы өзара экономикалық  байланыстарды нығайту кездесудің нақты нәтижесі болатынына сенім білдірді.

- Түркия басшысымен бірге «Жаңа синергия» бірлескен бағдарламасына қол қоюымыз бизнес-идеялар және біздің кәсіпкерлердің тікелей ынтымақтастығына оң ықпалын тигізуі керек, - деді Мемлекет басшысы.

Өз сөзінде Түркия Республикасының Премьер-Министрі Режеп Тайып Ердоған Қазақстан бауырлас ел және Түркияның атажұрты саналатынын атап өтті.

- Мен сіздер де Түркияны өз үйлеріңіздей көріңіздер дегім келеді. Біздің елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастың тамыры тереңде жатыр. Біз оны ұдайы кеңейтуге және нығайтуға ұмтылып келеміз. Қазақстан тарабымен жүргізілген келіссөздер біздің қарым-қатынасымыздың жаңа кезеңін ашты, стратегиялық қатынастарды нағайтуға және оны одан әрі дамытуға жаңаша дем берді. Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда көлемі 4 миллиард АҚШ долларын құрайды, алайда бұл біздің өзара қарым-қатынасымыздың әлеуетін көрсетпейді. Мен 2015 жылға дейін біз оны 10 миллиард долларға дейін ұлғайтамыз деп үміттенемін. Бұл үдерісте кәсіпкерлік топ зор рөл атқарады. Олардың шешімтал іс-қимылы бұл мақсатқа жетуге қабілетті. Біз, саясаткерлер, барлық кедергіні алып тастауға және барынша жағдай жасауға тиіспіз, - деді Р.Ердоған.

Түркия Премьер-Министрі Қазақстан мен Түркияның кәсіпкерлері үшінші елдердің нарығына шығуды ұйымдастыра отырып, онда белсенді ынтымақтастық жасауы қажеттігін қадап айтты.

- Біз түрік компанияларының Қазақстанда құрылыс, фармацевтика, халық тұтынатын тауарлар және өзге салаларда жұмыс істеуіне үлкен мән береміз. Біздің мердігерлік құрылыс компанияларымыз Қазақстандағы елеулі қаржы ресурстарына инвестиция салды. Түркия инвестициясы экономиканың өзге салаларында - фармацевтика, ауыл шаруашылығы, кен жұмысы және басқа салаларда белсенді әртараптандырылады. Сонымен бірге, бүгінде қазақстандық бизнес туристік салаға инвестиция салуда, біз бұл бағыттағы ынтымақтастықты нығайту ниетіндеміз. Бұл екі елге де үлкен пайда әкеледі. Біз Ұлы Жібек жолы бағытын қайта жаңғыртуға тиіспіз. Біздің елдеріміз арасында көлік ағынын дамыту және кеңейту – ынтымақтастықтың өте маңызды бағыты. Осының арқасында Қазақстан өз өнімдерін әлемнің көптеген еліне экспорттау мүмкіндігіне ие болады, - деді Р.Ердоған.

Сонымен қатар, Премьер-Министр Түркияға 300 мыңнан астам қазақстандық туристер келетінін және бұл санды арттыруға болатынын айтты. Осы орайда, Қазақстанға баратын түрік туристерінің қатарын арттыру қажет.

- Осының арқасында халық жақын араласады, туыстық байланыстар нығая түседі. Осыған байланысты Қазақстан басшысымен Қазақстан мен Түркия арасындағы ұшақ билетінің құнын азайтуға және тиісті тапсырма беруге келістік, - деді Р.Ердоған.       

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің