National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша баспасөзге арналған бірлескен мәлімдеме

2013 жылғы 24 желтоқсан

 

Нұрсұлтан Назарбаев қатысушыларға арнаған сөзінде жоғары деңгейдегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 3 отырысы өткенін және оның барлық қызметі 2015 жылдың 1 қаңтарынан басталатын Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысына бағытталғанын, өтіп бара жатқан 2013 жылдың маңыздылығына тағы да тоқталды.

– Бүгін бізге Шарттың құрылтайшылық және салалық бөлімдерінің әзірлену барысы туралы толық баяндады. Осы үлкен жұмыста оң сипаттағы ілгерілеушілік бар екенін атап өткім келеді. 2014 жылдың мамырында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың қорытынды нұсқасына қол қоюымыз үшін әр тарап барынша күш салады. Мұндай жұмыс режімі барысында болашақ Одағымыздың негізгі құжатының сапалы болуын да ұмытпағанымыз маңызды. Еуразиялық экономикалық комиссияны интеграцияның жаңа деңгейіне сәйкес болуы және барлық қатысушылар мүдделерінің балансын қамтамасыз ету үшін реформалаған жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы еуразиялық интеграциялық үдеріске қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгінде, әсірелеусіз айтсақ, мемлекеттеріміздің тарихы жасалуда. Еуразиялық одақтың құрылуы – құлаған КСРО-ны қалпына келтіруге әрекеттену болып саналмайтын шын мәнінде инновациялық жоба. Өткенге оралуға жол жоқ және оралмаймыз да – бұл біздің біртұтас әрі бірыңғай ұстанымымыз. Біз артқа емес, алға қарай, әлемді интеграциялық бірлестіктер бастап келе жатқан бағытқа беттеп барамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті интеграциялық үдерістің саяси мақсаттар көздемей, ерікті түрде және халықтарымыздың игілігі үшін іске асырылатына назар аударды.

– Біздің интеграциялық бірлестігіміздегі саяси егемендіктің бекем екенін тағы да атап өткім келеді және бұл – аксиома. Оның үстіне экономикалық интеграция ұлттық мемлекеттілікті нығайтуға, экономиканы дамыту арқылы оны одан әрі орнықты ете түсуге мүмкіндік береді. Одақтағы әрбір елінің егемендігі тек қана нығая түседі және толық дами береді, соның ішінде халықаралық деңгейде де, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық бірлестіктердің негізінде экономикалық прагматизм, құрмет, еріктілік, барлық шешімдерді қабылдау кезіндегі теңдігі пен ашықтық тәрізді негізгі қағидаттар жатқанын атап өтті.

– Біз Еуразиялық одақты басқалардан бөлектену үшін емес, керісінше өзге серіктестерімізбен мейлінше ынтымақтаса түсу үшін құрудамыз. Сөзімнің соңында Қазақстан, Беларусь және Ресей одақ құру жөнінде жұмысты стратегиялық серіктестік пен достық рухында жүргізіп жатқанын атап өткім келеді. Экономикалық интеграция барлық елдің экономикалық мүмкіндіктерін едәуір күшейтеді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның еуразиялық кеңістіктегі интеграция идеясының бастамашысы болып саналатынын еске салып өтті.

Өз сөзінде Ресей Федерациясының Президенті В.Путин отырыстың іскерлік және сындарлы ахуалда өткеніне тоқталды.

– Біз Қазақстан және Беларусь президенттерімен бірге еуразиялық экономикалық кооперацияны дамытудың өзекті мәселелерін талқыладық. Қазан айында Минскіде өткен кездесуімізден кейін біз бірлесе атқарылған ауқымды жұмыстың қорытындысын шығардық. Ең алдымен Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасын дайындауда айтарлықтай ілгерілетуге қол жеткіздік. Жалпы, сарапшылар тарапынан шарттың негізгі институттық бөлімі келісілді, онда болашақ одақтың халықаралық-құқықтық мәртебесі, міндеттері мен іс-қимыл тетіктері айқындалған, – деді В.Путин.

***  

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– «Интеграцияны одан әрі дамытуға бағытталған ережелерді ескере отырып, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасымен жұмыс істеу барысы туралы» шешім;

– «Еуразиялық экономикалық комиссияның 2014 жылға арналған бюджеті туралы» шешім;

– Армения Республикасының Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістігіне қосылуы жөніндегі іс-шаралар («жол картасы») жоспары туралы» шешім;

– Армения Республикасының Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістігіне қосылуы жөніндегі іс-шаралар («жол картасы») жоспары туралы мәлімдемесі;

– «Бәсекелестік қағидасының бұзылуы туралы істерді Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Соты аясында қарастыру жөніндегі құрам қалыптастыру туралы» шешім;

– «Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттер аумағындағы трансшекаралық нарықта бәсекелестіктің бірыңғай қағидасын сақтау үшін Еуразиялық экономикалық комиссияға бақылау жасау жөнінде өкілеттік беру туралы» шешім;

– «Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі қабылдайтын кедендік әкелімдер бажы мөлшерлемесін өзгерту туралы шешімге қатысты зәру тауарлар тізбесіне өзгерістер енгізу туралы» шешім;

– «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді іске асыру жөніндегі жұмыс нәтижелері туралы» шешім;

– «Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастырудың кезеңдік жоспарын орындау жөніндегі Табиғи монополиялар саласына қатысты (секторлық (салалық) разрездегі) қорытынды есеп туралы» шешім;

– «Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу саласындағы заңнаманы үйлестіру жөніндегі тиісті шараларды жүйелі жүзеге асыруды анықтауға және жақындастыруға жататын Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі туралы» шешім.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің