Мемлекет басшысы салтанатты шарада биылғы Бейбітшілік мәдениеті арнаулы сыйлығының өзіне табыс етілуі Семей полигонындағы ядролық сынақ зұлматын басынан өткерген Қазақстан халқымен ниеттестіктің көрінісі екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті полигонның жабылған күнінің аса маңызды белес екенін, өйткені дәл сол кезден бастап біздің ел ядролық қарудан ада әлем қалыптастыру жолына бет бұрғанын атап өтті.
– Хиросимаға тасталған атом бомбасының екі жарым мыңымен теңесетін 500-ге жуық жарылыс ядролық қатерге деген біздің көзқарасымызды түбегейлі өзгертті. Сондықтан да біз ядролық полигонды жапқан бірінші ел болдық, қуаты жөнінен төртінші орын алатын ядролық арсеналдан бас тарттық, сондай-ақ Орталық Азияда ядросыз аймақ қалыптастырдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы келесі жылы Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі жауапты миссиясына кірісетінін айтты.
– Бұл – халықаралық қоғамдастық тарапынан бізге көрсетілген зор сенім. Таратпау мәселелерімен қатар, біз Жапониямен және басқа да әріптестерімізбен бірге азық-түлік, су және энергетика қауіпсіздігі мәселелерін шешуге де атсалыспақпыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасырда адамзаттың ядролық қатерден ада әлемге лайықты жол таба алатынына сенетінін жеткізді.
– Сындарлы ұжымдық іс-қимылды қолға алған әлемдік қоғамдастықтың ерік-жігері мен парасаты жер шарының ядролық апат құрдымына кетуіне жол бермейді деп сенемін. Біз Хиросима мен Нагасакидегі, сондай-ақ Семейдегі, Маршал аралдарындағы және басқа жерлердегі қасіреттер туралы ұмытпауға тиіспіз. Әлемді ядролық апат қатерінен құтқару үшін талмай күрес жүргізуге шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Гои қорының Бейбітшілік мәдениеті арнаулы сыйлығы бейбітшілік мәдениетін таратуға және оны ілгерілетуге қосқан мейлінше маңызды үлесі үшін жекелеген тұлғалар мен ұйымдарға беріледі.