National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің отырысына қатысты

2018 жылғы 06 желтоқсан

Отырыста Жоғары Еуразия экономикалық кеңес мүшелері күн тәртібіндегі цифрландыру мәселелерін іске асыру барысы жөніндегі баяндаманы тыңдап, газ, мұнай және мұнай өнімдері салаларында ортақ нарық қалыптастырудың, сондай-ақ интеграциялық бірлестік аясындағы өзара ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Қазақстан Президенті Еуразия экономикалық одағының тарихында 2018 жылдың ерекше орын алатынын айтты.

– Әлемдік экономиканың құбылмалылығына байланысты сыртқы жағдайлар мен тәуекелдерге қарамастан, біз өсімнің оң қарқынын сақтап қала алдық. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында сыртқы және өзара сауда-саттық көлемі айтарлықтай артты, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев бірлескен кәсіпорындар жұмысында оң үрдістің бар екенін атап өтті.

Қазақстан Президенті биыл Еуразия экономикалық одағының жаңа Кеден кодексі күшіне енгенін айтты. Онда кеден ісін әкімшілендіруге, соның ішінде бизнес үдерістерін автоматтандыруға және «бір терезе» қағидатын енгізуге қатысты заманауи тәсілдерді қолдану қарастырылған.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі цифрландыру мәселелерінің 2025 жылға дейінгі негізгі бағыттарын іске асыру жөніндегі жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды.

– Қазақстан және Ресей кеден қызметтері арасында транзиттік жүктерге спутник арқылы мониторинг жүргізу жөніндегі сынақ сәтті өтті. Өзара саудадағы кедергілер мен шектеулерді жою үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Халықаралық ынтымақтастық та белсенді дамып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Еуразия экономикалық одағы аясындағы өзара ықпалдастықты одан әрі кеңейту үдерісіне қолдау білдіріп, Еуразия экономикалық комиссиясы мен оған мүше елдердің үкіметтері тарапынан жаңа жұмыс бағыттарының әрқайсысының экономикалық тұрғыдан мақсатқа қаншалықты сай келетіндігіне терең талдау жасау қажеттігін атап өтті.

– Жалпы, біз Еуразия экономикалық одағының негізгі мақсаттарына – тауарлар мен қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін айналымын қамтамасыз етуге батыл қадам жасап келеміз. Сонымен бірге, Еуразия экономикалық одағының толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тағы да күш жұмылдыруымыз керек, –деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев төрт «еркіндікті» қамтамасыз етуге бағытталған құжаттар, соның ішінде Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің азаматтарын зейнетақымен қамту туралы келісім жөніндегі жұмыстарды аяқтаудың маңыздылығын айтты.

– Бізге 2025 жылға қарай өзара саудадағы барлық кедергіні жою қажет. Бұл – бірлестігіміздің толыққанды қызмет етуінің маңызды талабы. Комиссия мен үкіметтер осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруы керек, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы экономиканың басты секторларындағы ірі жобаларды іске асыру қажет екеніне тоқталды. Осыған байланысты, Комиссия мен Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің үкіметтеріне осындай жобалардың тізімін жасау ұсынылды.

– Мен сонау 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында осы интеграциялық жобаны құру идеясын алғаш рет жария етіп, тең құқылық пен еркіндік қағидаттары жөнінде айттым. Сол кезде бірте-бірте халықаралық аренаның белді мүшесіне айналатын қуатты экономикалық одақ қалыптасады деп ойладым. Бүгінде бұл идея шындыққа айналды. Келесі жылы Еуразия экономикалық одағы туралы келісімге қол қойылғанына 5 жыл және еуразиялық интеграция идеясына 25 жыл толады. Осы екі мерейлі сәтке арналған кезекті отырысты келесі жылы мамыр айында Астанада өткізуді ұсынамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті бүгінгі отырыстың қорытындысы бойынша қабылданатын шешімдер ұйымның одан әрі дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

– 2019 жылы Еуразия экономикалық одағының органдарына Армения төрағалық етеді. Сіздердің төрағалықтарыңыз халықтарымыздың игілігі үшін табысты өтуіне тілектеспін, – деді Мемлекет басшысы.

Жоғары Еуразия экономикалық кеңесі отырысының қорытындысы бойынша мынадай құжаттар қабылданды:

1. Еуразия экономикалық одағы аясында интеграциялық үдерістерді одан әрі дамыту туралы декларация.

2. "Еуразия экономикалық одағы аясындағы интеграциялық үдерістерді дамыту стратегиясы туралы" өкім.

3. "Еуразия экономикалық одағының ортақ газ нарығын құру туралы" шешім.

4. "Еуразия экономикалық одағының ортақ мұнай және мұнай өнімдерінің нарығын құру туралы" шешім.

5. "Бір тараптан Еуразия экономикалық одағы мен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 2018 жылғы 17 мамырдағы келісімнің күшіне енуі туралы" шешім.

6. "Бір тараптан Еуразия экономикалық одағы мен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін 2018 жылғы 17 мамырдағы уақытша келісімнің күшіне енуі туралы" шешім.

7. "Еуразия экономикалық комиссиясының жұмыс регламентіне №1 қосымшаға өзгерістер енгізу туралы" шешім.

8. "Еуразия экономикалық одағының 2019 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттары туралы" шешім.

9. "Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің 2015 жылғы 8 мамырдағы №13 шешімін іске асыру туралы" өкім.

10. "Еуразия экономикалық комиссиясының трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ахуалы және ондағы бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзудың алдын алу жөніндегі 2017 жылғы есебі туралы" өкім.

11. "Жерді қашықтықтан зондтаудың ұлттық мәлімет көздері негізінде Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттердің ғарыштық және геоақпараттық қызметтер көрсету саласындағы ынтымақтастығын дамыту туралы" өкім.

12. "Еуразия экономикалық одағының 2019 жылға арналған бюджеті туралы" шешім.

13. "Еуразия экономикалық одағының сотына арыз-шағым жасау барысында шаруашылық ететін субъектілер тарапынан төленетін баж мөлшерін бекіту туралы" шешім.

14. "Еуразия экономикалық одағын дамытуға қосқан үлесі үшін медалі туралы" шешім.

15. "Еуразия экономикалық комиссиясының алқасы мүшесінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы" шешім.

16. "Еуразия экономикалық комиссиясының алқасы мүшесін тағайындау туралы" шешім.

17. "Еуразия экономикалық одағының органдарына төрағалық ету туралы" шешім.

18. "Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кезекті отырысын өткізу уақыты мен орны туралы" өкім.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің