National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Елбасы Кеден одағы елдері көшбасшыларының, Украина және Еуропалық Одақ өкілдерінің кездесуіне қатысты

2014 жылғы 26 тамыз

 

Кездесуге Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Украина Президенті Петр Порошенко және Еуропалық Одақ өкілдері – Еуропалық комиссия төрағасының орынбасары Кэтрин Эштон,  энергетика мәселелері жөніндегі комиссар – Гюнтер Эттингер және сауда мәселелері жөніндегі комиссар Карел Де Гюхт қатысты.

Кездесуге қатысушылар Украина мен Еуропалық Одақ арасында жасалған Қауымдастық туралы келісімді орындау мәселелерін, сондай-ақ Донбастағы жағдайды тұрақтандыру жолдарын талқылады. 

Қазақстан Президенті мұндай кездесу өткізудің маңыздылығы мен қажеттігін айтты.

– Украинадағы ахуал бір елдің аясынан әлдеқашан асып, халықаралық ауқымға шығып, қатерлі шекке жетті. Жағдайдың бұдан әрі ушығуы өңірлік қана емес, жаһандық ауқымдағы болжаусыз салдарларға соқтыруы мүмкін, бұл бүкіл әлемге қауіпті, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев алға ілгерілеу үшін шешім қабылдаудағы жауапкершіліктің маңызды екенін айтты.

– Өзара мәміле мен шегініс болмайынша, қандайда бір нәтижеге жету мүмкін емес. Көп нәрсе Украинаның, Ресей мен Еуропалық одақтың сындарлы ұстанымына байланысты. Біз Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен бірге бастамашылық еткен бүгінгі кездесуге зор мән беріп отырмыз. Бәрі бізді оң нәтижеге қол жеткізеді деп үміттенеді. Қазақстан өз тарапынан айтарлықтай күш-жігер жұмсады, ұсыныстарын айтты, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы біздің еліміз Украинаның шығысындағы гуманитарлық апатты кідіріссіз шешуге шақыратынын хабарлады.

– Қазір ең алдымен Украинаның зардап шеккен халқына ауқымды гуманитарлық көмек көрсетуді қамтамасыз ету керек. Ресей Федерациясы көмек көрсетуді бастап кетті. Бұл үдеріске Кедендік Одақ, ТМД елдерін қоса алғанда, халықаралық ұйымдар қатысуға тиіс. Біздің еліміз өз тарапынан, соның ішінде Қызыл крест және жарты ай қоғамының қазақстандық бөлімшесінің желісі бойынша қолдан келетін барлық көмекті көрсетуге әзір. Бұл ұйым сондай-ақ өзге мемлекеттердің гуманитарлық жүктерін жеткізуде бейтарап делдал бола алады. Жалпы алғанда, бүгінде Украинаға гуманитарлық көмек жеткізу ісін жіті халықаралық бақылауды қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан мен қақтығысы отырған тараптарды зардап шеккен адамдарға көмек көрсету кезінде бітім жариялауға шақырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті жанжалды ушықтырмау және дағдарыстан шығудың күш қолдану амалдарынан бас тарту қажеттігін атап өтті.

 – Арада бітім кезеңі қажет, бұл әскери-саяси текетірес тұтқынына айналған бейбіт халықтың өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді. Біз зорлық-зомбылықты айыптаймыз. Тараптарды оқ атуды дереу тоқтатуға шақырамыз. Бұл үдеріске халықаралық келісімдердің сақталуының кепілі бола алатын ЕҚЫҰ белсене атсалысуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев санкциялық текетіресті доғарудың маңыздылығын айтты.

– Сауда ісіндегі текетірестің қисыны, санкциялар алмасудың қатаюы біздің бәрімізді тығырыққа тіреп отыр, бұл тек құрдымға бастайтын жол. Өзара санкциялардан елдердің экономикалық әлеуеті әлсірейді, қарапайым адамдар зардап шегеді, әлеуметтік ширығу өсе түседі, әлемдік дағдарыстың жаңа толқыны пайда болады. Ең бірінші кезекте біз – Еуропа мен Азия, Еуразия құрлығы зардап шегетін болады. Сондықтан экономикалық прагматизм мен ортақ пайда қағидаттары негізіндегі сындарлы өзара ықпалдастыққа қайта оралуға шақырамыз. Біртіндеп санкцияларды алып тастауға кірісу қажет. Қазақстан Кеден одағы аясындағы өзара тиімді сауда-экономикалық қарым-қатынастарды, сондай-ақ Украина және Еуропалық одақпен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі. Біз көпжақты сауда байланыстарын қалпына келтіру жолдарын талқылауға әзірміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы барша халықаралық қоғамдастықтың толыққанды көмегі Украинаның тек оңтүстік-шығысына ғана емес, бүкіл Украина экономикасына қажет екенін айтты.

– Бұған Украинаның Батыстағы да, Шығыстағы да көршілері қатысуы тиіс. Ол бұл елдегі әлеуметтік-экономикалық коллапсты еңсеру үшін өте маңызды. Апаттық ахуалды еңсеру үшін арнаулы халықаралық штаб немесе Украина экономикасын қолдау қорын құру мәселесін ойластыруға да болады.

Бірлескен күш-жігер арқылы Украина экономикасын құтқару жөніндегі бірінші кезектегі шаралардың дағдарысқа қарсы жоспарын әзірлеу қажет. Қазақстандағы 2008-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы күрес шараларының дұрыс болғаны мойындалды, біз өзіміздің тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Украина мен Ресейдің арасындағы газ жеткізуге байланысты келіссөздердің дұрыс шешілуіне халықаралық қоғамдастық септігін тигізуі тиістігін, бұның қыс маусымы қарсаңында өте маңызды екенін атап өтті. 

Мемлекет басшысы кездесуде Украина мен ЕО арасындағы қауымдастық туралы келісімшартты талқылау ниетін Қазақстанның құптайтынын мәлімдеді.

– Бұл құжат көршілердің, соның ішінде Кеден одағының мүдделерін барынша ескергені маңызды. Осы орайда біз ашық диалогты құптаймыз және пікір алмасуға дайынбыз, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қалыптасқан жағдайда барлық тараптан кезең-кезеңді, жауапты қимыл талап етілетінін айтты.

– Өзекті мәселелерді бірлесіп талқылау және мәмілеге келу маңызды. Оңай шешім жоқ екені айқын. Біз өзара тиімді шешім әзірлеу үшін жоғары деңгейдегі келіссөздер форматын сақтауды ұсынамыз. Сындарлы келіссөздер үдерісін жалғастыру үшін мұндай кездесулерді тұрақты негізде өткізу қажет. Осы кездесуді келесі кездесудің уақыты мен орнын белгілеп аяқтасақ, жақсы болар еді. Кейбір қатысушылардың ұсынғанындай, біз келіссөздердің келесі кезеңін Қазақстанда ұйымдастыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бұл кездесу өңірдегі ең ауқымды дағдарысты еңсерудің оңтайлы жолын табу үшін бірегей мүмкіндік екеніне назар аудартты.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев басталған диалог Украина мен жалпы өңірдегі ахуалды тұрақтандыруға қызмет етеді деген үмітін білдірді.

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2024 жылғы 22 қараша

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

2024 жылғы 28 қараша

Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

Жарлық

2024 жылғы 15 қараша

Мемлекет басшысының жарлықтарымен:


Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің