National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапары аясында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті

2013 жылғы 06 сәуір

Қазақстан мен Қытай көшбасшылары екіжақты ынтымақтастықты және стратегиялық серіктестікті дамытудың ауқымды мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, кездесу барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі және жаһандық даму мәселелерін талқылау үшін маңызды алаң ретінде алдағы Боао азиялық форумының өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. 

Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинді Халық өкілдері бүкілқытайлық жиналысы 1-ші сессиясының табысты ақталуымен және оның ҚХР Төрағасы болып сайлануымен құттықтады.

Қазақстан Президенті біздің ел екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығына жоғары баға беретінін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев біздің республикамыз 2014-2016 жылдардағы кезеңде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске Қытайдың төрағалықты қабылдау ниетін қолдайтынын атап көрсетті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында баяндалған Қазақстанның жаңа саяси бағыты туралы айтты.

Өз кезегінде Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан-Қытай қатынастарын дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғысын білдірді.

- 20 жылда орасан жолды жүріп өттіңіздер. Сіздің арқаңызда біздің әріптестігіміздің берік іргетасы қаланды, - деді ҚХР төрағасы.  

Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың үдемелі өсуі атап өтілді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ҚХР арасындағы сауда айналымы 12,5 пайызға өсіп, 24 миллиард долларға жетті. Сауда айналымын 2015 жылға қарай 40 миллиард долларға дейін жеткізу қажеттігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Тараптар екіжақты сауданы одан әрі нығайту мақсатында арнаулы консультациялар өткізу туралы келісті.   

Екіжақты қатынастардың барлық негізгі бағытын іс жүзінде қамтитын Ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитетінің қызметі өзара іс-қимылды дамытуға елеулі үлес қосып келеді.

Бұған қоса, келіссөздер барысында көлік саласындағы, шекара маңындағы ынтымақтастық саласындағы, сондай-ақ трансшекаралық өзендердің пайдалануын реттеу саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды. ҚХР-ға Қазақстан астығы мен ұн жеткізу және Қытай аумағы арқылы үшінші елдерге транзиттеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстан Президентінің ҚХР-ға ресми сапары аясында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен Қытай халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі комитеті арасында Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесін құру туралы келісімге, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен CITIC Group арасында ынтымақтастық туралы келісім мен Экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастарды нығайту жол картасына қол қойылды. Сонымен қатар, Қазақстан-Қытай мұнай құбырының аясын кеңейту және пайдалану жөніндегі ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісім жасалды.

Тараптар Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасының алғашқы келіссөздері жоғары деңгейдегі тығыз саяси диалог үшін негіз қалағанын, сондай-ақ Си Цзиньпиннің біздің республикамызға сапары туралы келісімге қол жеткізілгенін атап өтті.

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің