Кездесу барысында Патриарх Кирилл Нұрсұлтан Назарбаевты І дәрежелі Сергий Радонежский орденімен марапаттады. Қазақстан Президенті еліміздің конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған саясатын жоғары бағалағаны үшін Орыс православ шіркеуіне алғыс айтты. Тәуелсіздік жылдарында біз әрдайым қарым-қатынас теңдігін, барлық діни конфессияларға деген құрметті сақтап қалдық. Әрине, Қазақстанда ислам мен православие негізгі діндер болып саналады. Осы екі рухани тірек – біздің қоғамдағы келісімнің негізі. Бүгінде әлемде қақтығыстар, соның ішінде діни және этникалық негіздегі қақтығыстар болып жатқанын бәріміз білеміз. Сондықтан біз тұрақтылық пен түсіністік орнаған ортақ ахуалымызды мақтан тұтуға тиіспіз. Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері де өткізіліп келеді, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Орыс православ шіркеуінің Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға қосып отырған үлесін атап өтті. Патриарх Кирилл біздің республикамыздың бірегей тәжірибесі әсіресе жер шарының түрлі өңірінде қақтығыстар болып жатқан кезде өзге елдерге үлгі ретінде қызмет етуі тиіс екенін атап айтты. Сіз бүкіл әлемге мойындалған көрнекті мемлекет қайраткерісіз. Қазақстан сіздің басшылығыңызбен қысқа мерзімде қуатты даму жолынан өтті. Сіздің ел көпэтносты мемлекет ретінде бізге түрлі этностар мен діндерге қатысы бар барша адамдардың өзара тату ықпалдастығының үлгісін көрсетіп отыр, – деді Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кирилл.