National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда кездесу өткізді

2018 жылғы 07 маусым

Ресми кездесу рәсімінен кейін екі елдің көшбасшылары кеңейтілген түрде келіссөз жүргізді.

Қазақстан Президенті Қытай тарапына мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылық білдіріп, дәстүрлі қонақжайлық көрсеткенін атап өтті.   

– Мен, ең алдымен, Сізді жоғары мемлекеттік лауазымға қайта сайлануыңызбен және Қытай Компартиясының ХІХ съезін табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. Бұл қытайлық өзіндік ерекшелігі бар социализм құру жолындағы әлемдік мәні бар айтулы оқиға болды, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Қытай арманын» жүзеге асыру ісінде ел мемлекеттілігінің тірегі саналатын Қытай Компартиясы рөлінің артқанына тоқталды.

Қазақстан Президенті 2012 жылдан бері жоғары деңгейдегі 18 кездесу өткенін айтып, Қазақстан-Қытай қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.

– Осы уақыт ішінде біз жалпы сомасы 67 миллиард доллар көлеміндегі екі жақты 127 құжатқа қол қойдық. Бізге осы диалогты жалғастыру қажет. Былтыр өзара сауда көлемі 11 миллиард долларға жуықтады. Бұл жердегі өсім 30 пайыздан астам. Екі жақты қатынастарымызды ілгерілету үшін біздің бұдан да зор әлеуетіміз бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасы Төрағасының достық, тең құқылық, өзара ынтымақтастық және мемлекеттік егемендікті құрметтеу рухында тату көршілік қатынастарды дәйекті дамыту ісіндегі жеке үлесін жоғары бағалады.

– Сіздің Жібек жолының экономикалық белдеуін қалыптастыру жөніндегі бастамаңызды іске асыру барысында біздің ынтымақтастығымыз нығая түсті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы тату көршіліктің үлгісіне айналған екі жақты ықпалдастықтың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталып, бірлескен инфрақұрылымдық бастамаларды, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын іске асыру ісінде өзара сенім мен ынтымақтастықтың нығайғанын атап өтті.

– Біз адамзаттың ортақ тағдырын қалыптастыру жолында Қазақстанмен бірге болуға және адамзаттың жарқын болашағы үшін ақыл-ойымыз бен күш-жігерімізді жұмылдыруға дайынбыз. Мен Қазақстан-Қытай достығының алып кемесін Сізбен бірге басқаруға әзірмін, – деді Си Цзиньпин.  

Келіссөздер барысында Қытай тарапы Қазақстанның экологиялық тұрғыдан таза ауыл шаруашылығы өнімін өз нарығына жеткізуге, энергетика саласындағы, мұнай-газ кешеніндегі, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар, жаңа технологиялар мен цифрландыру салаларындағы екі жақты ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік танытты.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының Төрағасын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

*** 

Сапардың нәтижелері бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды.

1. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен мәлімдемесі;

2. Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы  ядролық және радиоактивті материалдардың, радиоактивті қалдықтар мен қауіпті заттардың заңсыз тасымалдауын болдырмау жөніндегі іс-қимыл туралы келісім;

3. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі  арасындағы Қытай Халық Республикасының жеңілдетілген несие беруі туралы негіздемелік келісім;

4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Қаржы министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;

5. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы өндірістік қуаттар мен инвестициялар саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастық жоспарын бірлесіп әзірлеу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

6. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Даму және реформалау жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы бірлескен жобалар тізбесін және олардың индустрияландыру және инвестициялар саласындағы қалыптасу тетіктерін бекіту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

7. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі арасындағы электрондық сауда саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;

8. Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы Қазақстаннан Қытайға экспортталатын сиыр етіне арналған инспекциялау, карантиндік және ветеринариялық-санитарлық талаптар туралы хаттама;

9. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасы арасындағы Қазақстаннан Қытайға жоңышқа шөбін экспорттау жөніндегі санитарлық және фитосанитариялық талаптар хаттамасы.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің