Кездесу барысында Мемлекет басшысы саясаткерлер, бизнесмендер және ғылым қайраткерлері арасында жоғары деңгейдегі диалог үшін маңызды іс-шара болып саналатын Боао Азия форумына Қазақстанның белсене қатысып келе жатқанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Боао Азия форумының ұйымдастыру комитеті мен Астана экономикалық форумы арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті өзінің Жапонияға сапары аясындағы кездесулердің жемісті болғанын жеткізді.
– Мен Премьер-Министр Абэмен келіссөз жүргізіп, Жапония парламентінде сөз сөйледім, сонымен бірге елдеріңіздің іскер топтар өкілдерімен кездестім, – деді Елбасы.
Я.Фукуда Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапония парламентінде сөйлеген сөзі тыңдаушылар тарапынан өте жоғары бағаға ие болып, Премьер-Министрмен жүргізілген келіссөздерде нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты.
– Бұл елдеріміздің арасында ынтымақтастық орнатуға лайық зор кеңістік бар екенін тағы да дәлелдей түседі, – деді Боао Азия форумы басқармасының төрағасы.