Кездесуге ірі корей компанияларының өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Корея Республикасы Қазақстанның Шығыс Азиядағы негізгі әріптестерінің бірі екенін, тәуелсіздік жылдары осы елден келген инвестицияның жалпы көлемі 9 млрд долларға жеткенін атап өтті.
Қазақстан Президенті 2015 жылы бірқатар сыртқы факторлар мен объективті себептерге байланысты өзара сауда-саттық көлемі біршама азайғанын айтты.
– Осы орайда біздің экономикалық ынтымақтастығымызға тың серпін беру маңызды. Энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, құрылыс, қаржы және инвестициялар, көлік-логистика жүйесі өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары болып саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті атап өткендей, біздің елде оңтүстіккореялық капиталдың үлесі бар 465 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде, соңғы үш жылдың өзінде жалпы құны 160 млн доллар болатын 14 инвестициялық жоба іске асты.
Мемлекет басшысы өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуетін арттыру үшін Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономиканы әртараптандыру жөніндегі құрылымдық реформалар мен шараларға тоқталды.
– Атап айтқанда, инвестициялық ахуал мен бизнес жүргізу үшін қажет жағдай біртіндеп жақсарып келеді, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Басымдығы бар салаларда инвесторларға салық жеңілдіктері жасалуда, шағын және орта бизнеске қолдау көрсететін арнаулы шаралар қабылдануда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті республикада салық мөлшерлемелеріне қатысты заңнаманың және жұмыспен қамту саласындағы заңнаманың тұрақтылығына кепілдік берілгеніне назар аударды.
– Біздің елдеріміздің азаматтары үшін визасыз режім енгізіліп, тікелей әуе рейстері ашылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан аумағындағы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда корей компанияларына өз жобаларын іске асыру үшін орын бөлуге әзір екенін айтып, сол аймақтарды басқару мүкіндігін ұсынды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы корей компанияларын Қазақстандағы мемлекеттік кәсіпорындарды жаппай жекешелендіру үрдісіне, алдағы «ЭКСПО-2017»: болашақтың энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрмесінің жұмысына, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне белсене атсалысуға шақырды.
– Біз корей компанияларымен экономиканың барлық секторында ынтымақтастық орнатуға әзірміз. Бүгінгі біздің кездесуіміз елдеріміздің іскер топтарының өзара тиімді ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларын анықтап береді деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы сапар аясында Оңтүстік Кореяның Президентімен жүргізілген келіссөздің жемісті болғанын айтып, онда іскерлік ынтымақтастық аясын кеңейтудің жаңа мүмкіндіктері, соның ішінде Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту, ЕАЭО нарығына шығу перспективалары талқыланғанын атап өтті.
– Біз Еуразиялық экономикалық одақпен арада еркін сауда аймағын құру жөнінде әңгімелестік. Биыл бұл ұйымға төрағалық етіп отырған Қазақстан Кореяның осы кеңістікке ену жөніндегі ниетін құптайды. Бұл бәрімізге жақсы және біз осы идеяны ілгерілететін боламыз, – деді Қазақстан Президенті.