Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары талқыланды. Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, технологиялық және инвестициялық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту жолдарын қарастырды.
Қазақстан Президенті С.Ниинистёнің біздің елімізге өткен жылғы мемлекеттік сапарынан кейін екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жандана түскенін атап өтті.
– Қазақстан сіздердің технологияларыңызға, сондай-ақ индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруды ескере келе, білім беру жүйесін дамытудағы тәжірибелеріңізге қызығушылық танытады. Сіздің сапарыңыздың қорытындысында коммерциялық компаниялармен құны 100 миллион долларлық келісімдерге қол қойылды, ал тауар айналымының көлемі 1 миллиард долларға жетті, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл кездесу бүкіл әлемде жаһандық ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде зор мәні бар саммит аясында өтіп жатқанына да тоқталды.
– Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан және Семей ядролық полигонын жапқан ел ретінде бұл іс-шараға тікелей қатысы бар. Біз мұндай форумдардың өткізілгеніне қуаныштымыз, өйткені олар тұрақсыздық және деструктивтік күштердің ядролық қаруды иелену қатері артып отырған жағдайда ерекше қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Финляндия Президенті Астанаға былтырғы сапары кезінде алған өзінің үлкен әсері жөнінде ой бөлісті.
– Менің сапарымның нәтижелері көп үміт күтерліктей болды. Екіжақты сауда көрсеткіштері өсті. Финляндия іскер топтарының Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты дамыту үшін өзара ықпалдастыққа мүдделілігі арта түскенін атап өтпекпін, – деді С.Ниинистё.