Мемлекеттер басшылары ресми кездесу рәсімінен соң шағын құраммен келіссөз жүргізді.
Нұрсұлтан Назарбаев Минск қаласына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Александр Лукашенкоға ризашылық білдіріп, бұл сапар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Беларусь арасындағы байланыстардың тарихи тұрғыдан орныққан достық сипаты бар екенін атап өтті.
– Тарихи тұрғыдан қысқа уақыт ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Біз қиын жағдайларда екіжақты ынтымақтастықтың мықты саяси базасын құрдық. Мемлекеттеріміз ашық әрі сенімді қарым-қатынастағы берік әріптес болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығының даму қарқынына оң баға берді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ортақ интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы Қазақстан мен Беларусьтің экономикалық тұрғыдан өзара тығыз іс-қимыл жасап отырғанына тоқталды.
– Қазақстанда Беларусь Республикасының 260 кәсіпорны, бірлескен ірі 6 автомобиль құрастыру зауыты жұмыс істейді. Еліміздегі дүкендер сөрелерінде Беларусьтің ауыл шаруашылығы өнімдері сатылуда, – деді Мемлекет басшысы.
Александр Лукашенко Қазақстан Президентінің бұл сапары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
– Сіздің бүгінгі сапарыңыз елдеріміздің тауар айналымын арттыруға серпін беретініне сенімдімін. Ол үшін біздің мүмкіндіктеріміз зор, – деді Беларусь Республикасының Президенті.
Кездесу соңында мемлекеттер басшылары бүгін қол қойылатын құжаттар Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.