National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті

2019 жылғы 03 сәуір

Ресми кездесу рәсімінен кейін мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті лауазымына кірісуіне байланысты құттықтағаны және жылы лебіз білдіргені үшін Владимир Путинге ризашылық білдіріп, өзінің алғашқы шетелдік сапарының Ресей Федерациясына жасалуының символдық мәнін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің қазіргі ықпалдастығы көпшілік үшін қарым-қатынас жасаудың жарқын үлгісі болып саналатынын айтты.

– Мемлекет басшысы ретінде мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты әрі белсенді дамыту ісін жалғастыра беремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті екі елдің экономикалық ынтымақтастығына, әсіресе энергетика, көлік, транзит, өнеркәсіп және ғарыш салалары мәселелеріне арнайы тоқталды.

– Ресей Қазақстанның сыртқы саудасындағы «нөмірі бірінші» әріптесі болып қала береді. Қазақстанның сауда айналымындағы оның меншікті үлесі 19 пайыз. Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамуда. Елімізде Ресей капиталы қатысатын 9 мыңнан астам кәсіпорын өз жұмыстарын табысты атқаруда, – деді Мемлекет басшысы.

Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде Ресейге алғашқы сапарының символдық мәнін атап өтіп, екі ел арасындағы байланыстардың жоғары деңгейде екенін айтты.

– Сіз қарым-қатынасымыздың деңгейін білесіз және өзіңіз де бұған көп үлес қостыңыз. Әрине, бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі. Біздің жай әріптес қана емес, халықаралық ұйымдар аясында да, екіжақты байланыстар бойынша да жақын одақтас екеніміз сөзсіз. Қарым-қатынасымыз өте тиімді дамуда. Нақты әрі айқын нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Бұл халықтарымыздың тыныс-тіршілігінен көрініс тауып отыр. Сіздің бүгінгі сапарыңыз кең ауқымдағы екіжақты одақтастық байланыстарымызды нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Владимир Путин.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары мәдени-гуманитарлық саладағы мемлекетаралық өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің