National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқыды

2014 жылғы 28 сәуір

 

Қазақстан Президенті бұдан 20 жыл бұрын өзінің ММУ-де оқыған дәрісі кезінде жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын алғаш рет ұсынғанын атап өтті.

– Оның тұжырымдамасы біздің елдеріміздің азаматтарының бәріне бірдей жақын және ұғынықты ақиқатқа негізделген. Ортақ тарих, өзара экономикалық тартылыс, мәдениеттің өзара тығыз байланысы және адамдар ұмтылысының жақындығы біздің халықтарымызға көптарапты мемлекетаралық байланыстардың жаңа сипатын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мен Еуразиялық одақ тек еріктілік, тең құқылық, өзара тиімді және оған мүше әрбір елдің прагматикалық мүдделерін ескеретін қағидаттар негізінде ғана мүмкін екендігін табанды түрде жақтаушы болдым және солай болып қала беремін. Бұл бастама қазіргі еуразиялық интеграция деп аталатын жаңа тарихи үдерістің бастапқы нүктесіне айналды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бірлестіктің мақсаты мемлекеттеріміздің бәсекеге қабілеттігін арттыру екенін және ол экономикалық бөлік шегінен шықпайтынын атап көрсетті.      

– Еуразиялық экономикалық одақ туралы айтқанда сарапшылар мен саясаткерлердің кейбірі әлемдік қоғамдық пікірге Кеңестер одағының мифтік «қайта тірілетінін» айтып, үрей салады. Бұл жөніндегі пайымдарды шындықтан алыс әрі негізсіз деп есептеймін. Біріншіден, бүгінде кеңестік үлгімен қайта ықпалдасу үшін институционалдық база жоқ. Екіншіден, посткеңестік кеңістіктегі халықтар өздерінің дербес мемлекеттерін құрды. Үшіншіден, қазіргі меншік жүйесі, әлеуметтік құрылым және қоғамдарымыздың экономикалық қалыбы кеңестік ескіліктен әлдеқайда алға озып кетті. Бұл тұста біз Ресей және Беларус басшылығымен бір пікірдеміз, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Дәрісінің соңынан Нұрсұлтан Назарбаев ММУ-дің студенттері мен оқытушы-профессорлар құрамының сауалдарына жауап берді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы екі елдің ғылыми-техникалық ынтымақтастығының перспективалы бағыттары туралы айта келіп, Қазақстан айқындаған индустрияландырудың жаңа кезеңі басымдықтарына оның сай келуінің біз үшін маңызды екендігіне тоқталды. Бұл іргелі ғылымдардың алдыңғы қатарлы салалары – нанотехнологиялар, роботты техникалар, гендік инженерия және медицина болып отыр. 

Кездесу соңында М.В.Ломоносов атындағы ММУ ректоры Нұрсұлтан Назарбаевқа университетте болуы туралы естелік диплом тапсырды.

Сөздің толық мәтінін осы жерден қараңыз.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің