Мемлекеттер басшылары әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықтың жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Ресей Президенті Қазақстан Президентін биылғы 14-15 қыркүйекте Сирияға қатысты алтыншы халықаралық кездесудің Астанада табысты өтуімен құттықтады. Сондай-ақ, Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты Сириядағы қақтығысты реттеу үшін Ресей жағынан атқарылып жатқан шаралар жөнінде хабардар етті. Тараптар Астана процесін жалғастырудың маңызды екенін ерекше атап өтті. Бұдан бөлек, Президенттер алдағы уақытта болатын кездесулер кестесін, соның ішінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне дайындық барысын қарастырды. Екі ел көшбасшылары екі жақты өзара іс-қимылдың барлық мәселелері бойынша тұрақты диалогты жалғастыруға уағдаласты. Телефон арқылы сөйлесуге Ресей жағы бастамашы болды.