Әңгімелесу барысында екі елдің көшбасшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде, соның ішінде Украинадағы қоғамдық-саяси ахуалдың дамуына қатысты пікір алмасты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның стратегиялық серіктес ретінде Украинадағы аз ұлттар құқығын, сондай-ақ өзінің қауіпсіздігінің мүддесін қорғайтын Ресейдің ұстанымына түсіністікпен қарайтынын атап өтті. Мемлекет басшысы барлық мүдделі қатысушылар байыптылық танытатынына және келіссөздер жолымен жағдайды тездетіп қалпына келтіру шараларын қабылдайтынына үміттенетінін білдірді. Қазақстан Президенті Украинадағы дағдарысты егемендікті сақтау негізінде және халықаралық құқық нормаларына сәйкес бейбіт жолмен реттеу қажеттігі туралы өзінің пікірін білдірді.