Жеделхатта Қазақстан Президентінің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың дүниеден өткені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған. «Ұзақбай Қараманұлы бүкіл ғұмырын халқы мен туған елінің өсіп-өркендеуіне арнады. Ол өзінің зор ұйымдастырушылық қабілеті мен қоғамдағы беделінің арқасында көптеген жоғары лауазымды мемлекеттік қызметте болып, өзіне жүктелген міндеттердің барлығын абыроймен атқара білді», – делінген жеделхатта. Мемлекет басшысы қазақстандықтар оның есімі мен ел алдындағы еңбегін әрдайым есте сақтайтынын атап өтті.