Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтау жеделхаттар келіп түсті.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин өзінің құттықтау жеделхатында: «Қазақстан әлемдік аренада жоғары беделге ие болып, халықаралық өзекті мәселелерді шешуге, әсіресе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде, сондай-ақ Астана процесі аясында елеулі үлес қосып келеді», – деп атап өткен.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин өзінің құттықтау жеделхатында: «Сіздің еліңіз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі 26 жыл ішінде саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде, экономиканы дамытуда, халықтың өмірін жақсартуда және мемлекеттің халықаралық беделін көтеруде зор жетістікке жетті. Сондай-ақ, мемлекет құру ісінде де айтарлықтай табысқа кенелді», – деп атап көрсеткен.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған құттықтау хатында Қазақстанның түркі әлемінің жарқын өкілі ретіндегі жетістіктерін жоғары бағалап, еліміздің келер жылғы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалық қызметіне табыс тіледі.
Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп құттықтау хатында: «Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бергі 26 жыл бойы Америка Құрама Штаттары елдеріңіздің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын мойындап келеді. Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі алдағы төрағалығы мен энергетика саласындағы ынтымақтастық арқылы екі ел арасындағы экономикалық байланыстар нығая түседі деп ойлаймыз», – деп атап өткен.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанның халықаралық беделінің нығаюына септігін тигізген еліміздің жаһандық және өңірлік бастамаларына жоғары баға беріп, екі мемлекет арасындағы тату көршілік ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда Мемлекет басшысының атына жолдаған құттықтау хатында Халықаралық «Астана ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің жоғары деңгейде өткізілгенін атап өтіп, Польшаның оған белсенді қатысуы сауда және инвестиция салаларындағы байланыстарымыздың жандана түсуіне және Қазақстандағы серіктестер үшін ұсынылған инновациялық және бәсекелі шешімдерді пайдалануға мүмкіндік беретінін айтты.
Франция Президенті Эмануель Макрон құттықтауында: «Бірнеше аптадан кейін Сіздің еліңіздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы басталады. Франция Сіздер қойып отырған күн тәртібіндегі мәселелерге ерекше назар аударып, оны талқылауға белсенді түрде қатысады», – деп атап өткен.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқын Бельгия Королі Филипп, Испания Королі VI Фелипе, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд, Венгрия Президенті Янош Адер, Үндістан Президенті Рам Натх Ковинд, Біріккен Араб Әмірліктері Президенті Халифа бен Заид Әл Наһаян, Пәкістан Президенті Мамнун Хусейн, Словакия Республикасының Президенті Андрей Киска, Украина Президенті Петр Порошенко, Хорватия Президенті Колинда Грабар-Китарович, Сауд Арабиясы Корольдігінің тақ мұрагері, Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қорғаныс министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд, Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті, Премьер-Министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі, шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, бақ-береке тілеп, еліміздің өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдірді.