Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде.
Эстония Республикасының Президенті Керсти Кальюлайд Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті болып сайлауына орай құттықтап, екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі дами беретініне сенім білдірген.
«Елдеріміз арасындағы сындарлы және достық қатынастарды алдағы уақытта одан әрі нығайтамыз деп үміттенемін», – делінген жеделхатта.
Бразилия Федеративтік Республикасының Президенті Жаир Болсонару Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған құттықтауында: «Бразилия мен Қазақстан халықтарын берік достық қатынастар мен ынтымақтастық байланыстырады. Біздің соңғы 25 жыл ішінде қалыптастырған серіктестігіміз ортақ құндылықтар мен мақсаттарға негізделген. Халқымыздың игілігіне арналған бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін Өзіңізбен бірге жұмыс істеуге дайынмын», – деп атап өткен.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Томас Гремингер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтай отырып, өзара тиімді ықпалдастықтың одан әрі кеңейе түсетініне сенім білдірген.
«Мен ЕҚЫҰ кеңістігіндегі кешенді қауіпсіздікті ілгерілету барысында Сіздің қолдауыңызға сенемін. Сондай-ақ, біздің әріптестігіміз Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың одан әрі нығая түсуіне септігін тигізетініне үміттенемін», – деп атап өткен Томас Гремингер.
Еуропалық Парламенттің мүшесі Андрей Мамыкин Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған құттықтау хатында Мемлекет басшысының Қазақстанды дамытып, алға қойған ауқымды мақсаттарын іске асыратынына сенімділік танытқан.
«Еуропалық Парламенттің мүшесі ретінде мен Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени мәселелерімен айналысу мәртебесіне ие болдым. Сіздің еліңіздің халықаралық аренадағы даму қарқыны мен белсенділігі жөнінде Еуропаның кең ауқымды аудиториясына үнемі айтып келемін», – деп жазған А.Мамыкин.
Сондай-ақ, құттықтау хаттарын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры Роберто Азеведо, Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның Президенті Клаус Шваб, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының Атқарушы хатшысы Ольга Алгаерова, Қызыл крест халықаралық комитетінің Президенті Петер Маурер, Халықаралық электр байланысы одағының Бас хатшысы Хоулинь Чжао, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры Михаэль Меллер, БҰҰ Бас хатшысының Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы гуманитарлық әріптестік жөніндегі көмекшісі Рашид Халиков, БҰҰ ЭСКАТО-ның атқарушы хатшысы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Армида Салсиах Алисджабана, БҰҰ Өнеркәсіптік даму ұйымының Бас директоры Ли Юн, БҰҰ сауда және даму жөніндегі конференциясының Бас хатшысы Мухиса Китуйи, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия жөніндегі өкілі, аймақтық орталықтың Басшысы Наталья Герман, БҰҰ-ның Венадағы бөлімінің Бас директоры Юрий Федотов, Бас директордың орынбасары, Еуропа мен Орталық Азиядағы аймақтық өкілі Владимир Рахманин, Дүниежүзілік туристік ұйымының Бас хатшысы Зураб Пололикашвили жолдады