National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Мемлекет басшысының атына Тәуелсіздік күніне орай құттықтаулар келіп түсуде

2020 жылғы 17 желтоқсан

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекеттер мен халықаралық ұйым басшыларынан құттықтаулар толассыз келіп жатыр.

Франция Президенті Эмманюэль Макрон елімізді Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Қазақстанның өсіп-өркендей беруін тілеген.

– Биылғы жыл біздің елдеріміздің бір-біріне жақындай түсуімен ерекшеленді. Мен бұған өте ризамын. Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы Кеңейтілген ынтымақтастық және серіктестік туралы келісім 2020 жылдың 1 наурызынан бастап өз күшіне енді, – деп жазады Франция Президенті. Сондай-ақ ол Қазақстанның биыл өлім жазасын жоюды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық Пактінің екінші факультативті хаттамасына қол қойғанын, экономика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасы бойынша жаңа жобалар пандемияның кесірінен кейінге шегерілгенімен, оның іске асырылуына қатысты жұмыстар жалғасып жатқанын атап өткен. Сонымен қатар Эмманюэль Макрон өз құттықтау хатында Нұр-Сұлтан қаласында француз білім беру мекемесін ашуға байланысты жобада ілгерілеу бар екенін жазған. 

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев те Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жүрекжарды тілегін жолдады.

– Қазақстан Республикасының мемлекеттілігін нығайтып және халқының әл-ауқатын жақсартып, әлеуметтік-экономикалық, мәдениет салалары бойынша дамуы, сондай-ақ, еліңіздің халықаралық аренада абыройының артуы бізді қуантады. Біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастық өрістеп, біздің стратегиялық әріптестігіміз моральдік құндылықтары мен дәстүрі ортақ халқымыздың еркіне сәйкес одан әрі дами береді деп сенемін, – делінген құттықтау хатта.

Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко өзінің құттықтау хатында егемендік жылдары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық салалар бойынша  айтарлықтай дамығанын, халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалғанын  атап өткен.

– Беларусь Қазақстанмен арадағы жылдан-жылға нығайып, жетілдіріліп, жаңа мазмұнға ие болып келе жатқан берік серіктестік байланыстарды шын мәнінде жоғары бағалайды. Мемлекеттеріміз арасында қалыптасқан өзара сенім, қолдау мен ашықтық қазіргі заманғы күрделі сын-қатерлерге бірге қарсы тұруға, беларусь-қазақ халықтарының игілігі жолындағы көпжақты және тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретініне сенімдімін,  – делінген Александр Лукашенконың хатында.

Армения Президенті Армен Саркисян Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолдаған құттықтау хатында Мемлекет басшысының қызметіне табыс, Қазақстан халқына бейбітшілік, бақ-береке тілей отырып: "Армения Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасындағы өзара сенім мен қолдауға негізделген ынтымақтастықтың екі халықтың игілігі үшін одан әрі дами беретініне нық сенімдімін", – деп жазған.

Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезден бері халықаралық аренадағы орнын табысты нығайтып, саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда айтарлықтай жетістікке жеткенін айтқан.

– Армения мен Қазақстанның достық қатынастары екі халықтың мүддесі үшін екіжақты форматта да, халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер аясында да одан әрі дами береді деп сенемін, – делінген жеделхатта.

Сонымен қатар Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқын ТМД Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, Ресей Федерациясы Сыртқы барлау қызметінің директоры Сергей Нарышкин құттықтап, бақ-береке тілеген.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің