National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президентінің атына еліміздің Тәуелсіздік күніне орай жолданған құттықтау жеделхаттар келіп түсуде

2019 жылғы 17 желтоқсан

Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай шет елдердің басшыларынан құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде.

Өзінің құттықтау хатында Жапония Императоры Нарухито Қасым-Жомарт Тоқаевқа бақ-дәулет, ал Қазақстан халқына өркендеу тіледі.

Германия Президенті Франк Вальтер-Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай келе: «Қазақстанда тұратын этникалық немістер біздің елдеріміздің арасында «көпір» орнатты. Сіздің еліңіз бен аймағыңыздың болашағы диалогқа, реформаларға және ашықтыққа бағытталған. Бұл ретте Германия болашақта да Сіз үшін сенімді серіктес болып қала береді», – деп жазған.

Иордания Королі Абдалла II өзінің халқы мен үкіметі атынан елімізге үздіксіз прогресс пен өркендеу тіледі.

Италия Президенті Серджо Маттарелла: «Уақыт өте келе қалыптасқан саясат, экономика және мәдениет саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Біздің байланыстарымыз Нұр-Сұлтан мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастардың аясында да одан әрі дами беретініне сенімдімін», – деді жеделхатта.

Польша Президенті Анджей Дуда Қазақстанның Орталық Азиядағы ең маңызды серіктес екенін атап өткен. «Біздің мемлекеттеріміздің тығыз байланыстары артып келеді. Польша Қазақстанның әлемдік аренадағы белсенділігін, әсіресе, Орталық Азиядағы қауіпсіздік, ядролық қару таратпау және мәдениетаралық диалог мәселелеріне қатысты ұстанымын жоғары бағалайды», – деп жазған жеделхатта.

Израиль Президенті Реувен Ривлин Тәуелсіздік күніне арналған құттықтауында, екі ел арасындағы инновациялық және технологиялық байланыстардың артып келе жатқанын атап өткен.

Финляндия Президенті Саули Ниинистё Қасым-Жомарт Тоқаевқа сәттілік пен зор денсаулық, ал Қазақстан халқына бейбітшілік және гүлдену тіледі. «Елдеріміз арасында бұрыннан қалыптасқан өте жақсы достық қарым-қатынасымызды одан әрі нығайта түсуге ниеттіміз», – делінген жеделхатта.

Швейцария Конфедерациясының Президенті Ули Маурер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми қызметіне және Қазақстан халқына жарқын болашақ тіледі. Ули Маурер қыркүйектің 24 күні Нью-Йоркте және қарашаның 22-інде Нұр-Сұлтанда болған кездесулерге ризашылығын білдірді. «Біздің кездесулеріміз елдеріміздің арасындағы достық байланыстарды қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді. Швейцария екі тараптың да игілігі үшін Қазақстан Республикасымен берік қарым-қатынастарды сақтауға ниетті», – деп жазылған.

Сербия Президенті Александр Вучич өзінің құттықтау жеделхатында: «Сіздің өз ісіңізге адалдығыңыздың арқасында еліңіз Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салып кеткен сара жолдан айнымай дамып келеді. Осыған құрметім шексіз. Жолдауыңызда Конструктивті және қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі, деп атап өткенсіз», –  деп жазған жеделхатта.

Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Ол Моңғолия мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастардың дамуын атап өтті. «Алдағы уақытта да саяси қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтып, ең жоғары деңгейлерде өзара сапарлармен белсенді және жүйелі түрде алмасатын боламыз», – деп жазған жеделхатында.

Сондай ақ, Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхаттарын Бахрейін Королі Шейх Хамад бен Иса Әл Халифа, Литва Президенті Гитанас Науседа және Румыния Президенті Клаус Вернер Йоханнис жолдаған. 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің