Авторлар өз құттықтауларында Еуропалық Одақ Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуды жақтайтынын атай келіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа және еліміздің халқына татулық пен бақуаттылық тілеген. «Еуропалық Одақ Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге және Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімді қамти отырып, Сіздің басшылығыңызбен жүргізіліп жатқан маңызды саяси және экономикалық реформаларға берік қолдауды жалғастыруға бейілді. Біз бұл құжатқа мүмкіндігінше биыл қол қойылады деп асыға күтеміз», – делінген хатта. Еуопалық Кеңес пен Еуропалық Комиссия Қазақстан Президентінің реформа жүргізудегі, әсіресе транспарентті, есеп беретін мемлекетті дамыту бағытындағы күш-жігеріне, сондай-ақ сайлау үдерісін әрі қарай жетілдіру ісіне қолдау көрсететінін атап айтты. «Біз таяу жылдары саяси және экономикалық жаңғырулар Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты күшейте түсетініне сенімдіміз», – делінген құттықтауда.