Франсуа Олланд Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады. «Мен Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың деңгейі жоғары екенін атап өткім келеді, бұл менің таяуда Сіздің елге жасаған сапарымда айқын көрінді», – делінген жеделхатта. Франция Президенті Қазақстанмен ынтымақтастықты екі елдің игілігі үшін одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді. «Сіздің тұрақтылықты және Орталық Азия елдерімен тату көршілік қарым-қатынасты қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған күш-жігеріңізді Францияның қолдайтынына сендіргім келеді», – делінген құттықтауда. Ф.Олланд сондай-ақ Қазақстан Президентіне елді жаңғырту және демократиялық реформаларды жүзеге асыру ісінде табыс тіледі.