Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай шет елдердің басшылары мен халықаралық ұйымдардан құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсіп жатыр.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. «Сіздің еліңіздің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық және басқа да салалардағы жетістіктері жалпыға мәлім. Қазақстанның әлемдік аренада беделі биік, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуде сындарлы рөл атқарады. Мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестік және одақтастық рухында жылдам дамып келеді. Әртүрлі бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастық, сондай-ақ, Еуразиялық интеграциялық процестер аясындағы үйлестіру шаралары да оң нәтижесін беруде», – делінген құттықтау хатында.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық, табыс, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай, Қытай Үкіметі мен халқының және жеке өзінің атынан құттықтау жолдады. «Мен қытай-қазақ қарым-қатынасының дамуына үлкен мән беремін. «Бір белдеу, бір жол» жобасын бірлесіп жүзеге асыру үшін елдеріміз бен халқымыздың игілігі жолында зор табыстарға Өзіңізбен бірлесіп жетуге дайынмын», – деп жазған құттықтау хатында.
Си Цзиньпин Қазақстан халқына өсіп-өркендеу тіледі.
Ұлыбритания Королевасы Елизавета ІІ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Тәуелсіздік күнімен құттықтады. «Жоғары Мәртебелі, Сізді ұлттық мерекеңізбен зор ризашылықпен құттықтай отырып, Қазақстан халқына бақыт пен өркендеу тілеймін», – делінген жеделхатта.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Халифа Бен Заид Әл Нахаян: «Сізді және достас халқыңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жоғары Мәртебелі, Сізге зор денсаулық, бақыт пен сәттілік, ал достас халқыңызға игілік пен ырыс тілеймін», – деп құттықтау жолдады.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев өзінің және бауырлас өзбек халқының атынан құттықтады. «Біз бауырлас Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы және халықаралық аренадағы абыройының күн санап артуына шын жүректен қуаныштымыз. Өзбек-қазақ қарым-қатынасында барлық сала бойынша жоғары сенім мен өзара түсіністік қалыптасқан. Сізді және Қазақстан халқын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын», – делінген жеделхатта.
Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап: «Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік, достық, одақтастық, тату көршілік қатынастар бұдан былай да нығая беретініне сенім білдіремін», – деп жазған.
Сондай-ақ Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев елімізді Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, жеделхаттарын жолдады.
Украина Президенті Владимир Зеленский Қасым-Жомарт Тоқаевқа: «Саяси-экономикалық және қауіпсіздік мәселелерін шеше отырып, Қазақстан Республикасы аймақтағы көшбасшы және әлемдік аренада абыройлы мемлекетке айналды. Жоғары Мәртебелі, Сізге зор денсаулық, күш-қуат, достас Қазақстан халқына бейбітшілік, береке мен өркендеу тілеймін», – деп ізгі ниетін жолдаған.
Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин өзінің құттықтау жеделхатында «Қазақстан мен Корея арасындағы достық қатынастар түрлі саладағы тығыз ықпалдастықтың арқасында тұрақты дамып келеді. Атап айтқанда жоғары деңгейдегі белсенді іс-қимылдардың, соның ішінде менің биылғы сапарымның нәтижесінде екі елдің достық қатынастары нығая түскеніне қуаныштымын»,– делінген.
Сонымен қатар Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Нидерланд Королі Виллем-Александр, Малайзия Королі Сұлтан Абдулла Риятуддин Әл-Мұстафа Биллах, Бельгия Королі Филипп, Швеция Королі Карл Густав, Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғани, Чех Республикасының Президенті Милош Земан, Мажарстан Президенті Янош Адер, Тайланд Корольдігінің Премьер-Министрі Прают Чан-Оча, Хорватия Президенті Колинда Грабар-Китарович, Болгария Президенті Румен Радев, Ливан Республикасының Президенті Мишель Аун, Латвия Республикасының Президенті Эгилс Левитс, Ирак Республикасының Президенті Бархам Салех, Грекия Республикасының Президенті Прокопис Павлопулос, Канаданың Генерал-губернаторы Жюли Пайетт, Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы Мұхаммед ибн Заид Әл Нахаян, ТМД Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, Ислам ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы Юсеф Әл-Осеймен, Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті, Премьер-министр, Дубай әмірлігінің билеушісі Мұхаммед Бен Рашид Әл Мактум, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Бас хатшысының міндетін атқарушы Валерий Семериковтен құттықтау жеделхаттары келді.