National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаевтың төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің кезекті отырысы өтті

Іс-шараға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары, сондай-ақ Ұйымның Бас хатшысы Юрий Хачатуров қатысты.

Басқосуға қатысушылар халықаралық ахуалдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, осы ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігі үшін маңызды болып саналатын заманауи сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі мәселелерді қарастырды.

Нұрлан Ермекбаев отырыс барысында ҰҚШҰ-ға мүше елдерде бүгінгі халықаралық ахуалдың даму үрдісі туралы ортақ түсіністік бар екеніне назар аударып, қалыптасып отырған жағдай туындаған проблемаларға қатысты жан-жақты әрі жүйелі талдау жүргізуді және сын-тегеуріндердің алдын-алу мен қатерлерді жою үшін шешімдер қабылдауды талап ететінін айтты.

Тараптар ұлтаралық шиеленіс ошақтарын реттеудің ықтимал жолдары туралы пікір алмасты.

Жиын қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше елдердің Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша құзыретті органдардың ынтымақтастығын нығайту жөніндегі құжаттарға қол қойылды.

Атап айтқанда, халықаралық терроризмге, заңсыз есірткі айналымына, заңсыз миграцияға қарсы іс-қимыл, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның арнайы мақсаттағы Жедел әрекет етуші ұжымдық күш құрылымдарының жұмысын жетілдіру жөніндегі шаралар көзделген.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев делегациялар басшыларын қабылдап, Қазақстанның ҰҚШҰ-ға қатысуын ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін маңызды тетіктердің бірі ретінде қарастыратынын атап өткен болатын.

Қазақстан ҰҚШҰ-ға төрағалық етуіне байланысты биылғы екінші жартыжылдықта Астанада мемлекеттер басшылары деңгейінде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізу жоспарланып отыр.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару