National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Президент жанындағы комиссиялар

Адам құқықтары жөніндегі комиссия

Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссия туралы

 

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 19 наурыздағы N 1042 Жарлығы.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына, «Қазақстан Республикасының Президентi туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңының 33-бабының 1-тармағына сәйкес қаулы етемін:

1. Қoca берiлiп отырған:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегi комиссия туралы ереже;

2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Адам құқықтары жөніндегi комиссияның құрамы бекiтілсiн.

2. «Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Адам құқығы жөнiндегi комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 22 сәуiрдегi N 3470 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 16, 128-құжат; 1998 ж., N 17, 147-құжат; 2000 ж., N 17, 167-құжат; 2001 ж., N 36-37, 463-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының

      Президенті

 

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2003 жылғы 19 наурыздағы
N1042Жарлығымен
БЕКIТIЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентiнің жанындағы
Aдам құқықтары жөніндегi комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссия (бұдан әрi - Комиссия) Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес танылатын және кепілдiк берiлетiн адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепiлi ретiндегi өзiнiң конституциялық өкілеттiктерiн iске асыруына жәрдемдесетiн консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.

2. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк хатшысы өкімдерін, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

3. Комиссияның негiзгi міндеттерi:

1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан Республикасында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепiлi ретiндегi өзiнiң конституциялық мәртебесiн iске асыруы үшiн жағдай жасау;

2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау тетiгiн жетілдiруге жәрдемдесу;

3) орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру жөніндегi қызметiне жәрдемдесу;

4) адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау саласындағы мемлекеттiк саясат тұжырымдамалары мен бағдарламаларын әзiрлеуге қатысу;

5) адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесу болып табылады.

4. Комиссияның құзыретi:

1) Мемлекет басшысына және тiкелей Комиссияға жолданған Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiк азаматтардың, азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ ұйымдардың адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактiлерi туралы ақпарат бар өтiнiштерiн қарайды;

2) Мемлекет басшысының атына Қазақстан Республикасындағы адамның және азаматтың құқықтарының ахуалы туралы баяндамалар дайындайды. Бұл баяндамалар баспасөзде жариялануы мүмкін;

3) Комиссияның құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң, өзге де ұйымдардың және азаматтардың ұсыныстарын қарайды;

4) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау тетiгiн жетілдiру туралы ұсыныстар әзiрлейдi және оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзедi;

5) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау мәселелерiн қозғайтын Қазақстан Республикасының заңнамасына талдау жасайды, осы мәселелердi реттейтiн заң жобаларын әзiрлеуге қатысады;

6) адам құқықтары саласындағы халықаралық шарттар бойынша талдау материалдарын, сараптау-ұсынымдық қорытындылар мен ұсыныстар дайындайды;

7) адам құқықтары жөнiндегi халықаралық ұйымдардың, басқа да үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының жұмысына қатысады.

5. Комиссия өз өкілеттiктерін жүзеге асыру кезінде мемлекеттiк билiк органдарымен, үкіметтiк емес құқық қорғау ұйымдарымен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен белгiленген тәртiппен өзара iс-қимыл жасайды.

Комиссия адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында құқық қорғау органдарымен, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлмен өзара iс-қимыл жасайды.

6. Комиссия өзiне жүктелгeн мiндеттердi iске асыру мақсатында:

1) мемлекеттiк органдардан, сондай-ақ ұйымдар мен лауазымды адамдардан қажеттi мәлiметтердi, құжаттар мен материалдарды сұратып алуға;

2) өз отырыстарында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға байланысты мәселелер жөнiнде мемлекеттiк органдардың тиiстi лауазымды адамдарының ақпаратын тыңдауға;

3) уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың адамның және азаматтың құқықтарының бұзылуы туралы мәлiметтi тексеруiне бастамашылық жасауға;

4) жекелеген жұмыстарды жүзеге асыру үшiн белгiленген тәртiппен ғалымдар мен мамандарды тартуға;

5) адамның және азаматтың негiзгi құқықтары мен бостандықтарын сақталуына байланысты мәселелердi талқылау үшiн Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң, сондай-ақ өзге де мемлекеттердiң адам құқықтары жөнiндегi комиссияларымен және басқа да осындай құрылымдарымен ынтымақтастық жасауға құқылы.

7. Комиссияның құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша оның мүшелерiнiң заңнамада белгіленген тәртiппен мемлекеттiк билiк органдарына, сондай-ақ мемлекеттiк ұйымдарға баруға құқығы бар.

8. Комиссияның отырыстарында қабылданатын және Қазақстан Республикасы Президентiнiң назарына жеткiзiлетiн ұсынымдар мен қорытындылар оның шешiмдерi болып табылады.

Комиссияның ұсынымдары мен шешiмдерi оның отырысқа қатысқан мүшелерi санының жай көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда отырыста төрағалық етушi жақтап дауыс берген шешiм қабылданған болып саналады.

9. Комиссияның өз өкiлеттiгi шеңберiнде қабылдаған ұсынымдары мен қорытындылары мәселенi шешу құзыретiне кiретiн тиiстi мемлекеттiк органға жолданады.

Комиссияның ұсынымдары мен қорытындыларын алған мемлекеттiк орган мен оның лауазымды адамдары белгіленген мерзiмде оларды қарауға және қабылданған шешiм туралы оған хабарлауға мiндеттi.

10. Комиссия құрамын Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді және ол төрағадан, екі орынбасардан, хатшыдан және Комиссия мүшелерінен тұрады.

Комиссия төрағасы мен мүшелерi оның жұмысына қоғамдық негiзде қатысады.

11. Комиссия төрағасы Комиссия қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, орынбасарларына, хатшысына және Комиссия мүшелеріне тапсырмалар береді, оның отырыстарының күн тәртібін айқындайды, Комиссияның қызметтік құжаттарына, ұсынымдары мен қорытындыларына қол қояды, адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты кеңестерге қатысады, Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісінің келісуімен Қазақстан Республикасының Президентіне Комиссия қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді.

Комиссия төрағасы болмаған кезде қызметтік құжаттарға, ұсынымдар мен қорытындыларға Комиссия төрағасының орынбасарларының бірі қол қояды.

Комиссия төрағасы және оның орынбасарлары болмаған кезде Комиссияның қызметтік құжаттарына, ұсынымдары мен қорытындыларына оның хатшысы қол қояды.

12. Комиссияның отырыстарын оның төрағасы қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырады. Комиссия отырыстары, егер оған мүшелерінің жартысынан көбі қатысса, заңды болып саналады.

Комиссия төрағасы болмаған жағдайда оның отырыстарында Комиссия төрағасының орынбасарларының бірі төрағалық етеді.

13. Комиссияның қызметін ақпараттық-талдау және ұйымдық қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі жүзеге асырады. Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі адам құқықтары мен жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын қарау мәселелері құзырында болатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасының әкімдері аппараттарының лауазымды адамдарына ұйымдастыру-әдістемелік, ақпараттық және өзге де көмек көрсетеді.

14. Сараптама-талдау зерттеулерiн жүргiзу үшiн Комиссия жанынан ғылыми мекемелер, бiлiм беру ұйымдары мен үкіметтiк емес ұйымдар өкілдерiнен қоғамдық негiзде жұмыс iстейтiн сарапшылық кеңес құрылады. Сарапшылық кеңес құрамы Комиссия отырысында бекiтiледi.

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару