Комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы № 194 «Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурс және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсы туралы Жарлығымен құрылған.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары атағын және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының дипломанттары атағын беру жөніндегі комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) негізгі миссиясы – конкурстық негізде өнімнің және/немесе қызметтің сапа саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгені үшін, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудың тиімділігі жоғары әдістерін енгізгені үшін Мемлекет басшысы сыйлығының жеңімпаздарын анықтау болып табылады.
Негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурсқа және «Қазақстанның үздiк тауары» республикалық көрме-конкурсына (бұдан әрі - Конкурс) қатысу үшiн өтiнiмдер берген қатысушылардың материалдарын қарау;
2) конкурстарға қатысушыларға баға беру және үміткерлерді іріктеу;
3) конкурстардың лауреаттарын және дипломанттарын анықтау.
Комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары атағын және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының дипломанттары атағын беру жөніндегі комиссия туралы ереже негізінде, Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы № 194 Жарлығы негізінде әрекет етеді.
Комиссия жұмыс органының міндетері Инвестициялар және даму министрлігіне жүктелген.
Комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
Комиссия Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы консультативтi-кенесшi орган болып табылады және мемлекеттiк басқару органдарының басшыларынан, сапаны басқару саласындағы жетекшi мамандардан, қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерiнен құралады.
Комиссия Төрағасы лауазымы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып табылады.
Комиссияның отырысы Дүниежүзілік сапа күніне орайластырылған конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне дейін жүргізіледі. Комиссияның отырысы Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда заңды болып саналады.
Комиссия өз мiндеттерiне сәйкес:
1) мемлекеттiк органдармен және өзге де ұйымдармен, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасасуға;
2) Комиссияның жұмыс органынан Комиссия мiндеттерiн iске асыру үшiн қажеттi қосымша материалдарды сұратуға және алуға;
3) Комиссияға жүктелген мiндеттердi жүзеге асыру үшiн қажеттi өзге де құқықтарға ие.
Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн және Қазакстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн, сондай-ақ осы ереженi басшылыққа алады.