National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Президент жанындағы комиссиялар

Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия

Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген
өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі
республикалық комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

1. Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның міндеттері

3. Комиссияның негізгі міндеттері:

1) мемлекеттік рәміздерді зерделеу, насихаттау және қолдану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу, мемлекеттік стиль қалыптастыру;

2) Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауын қалыптастыру жөнінде ұсынымдар тұжырымдау;
3) Мемлекет басшысына мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану, мемлекеттік стиль қалыптастыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар дайындау;

4) мемлекеттің өзін-өзі сәйкестендіру процестерін зерделеу, мемлекеттік сәйкестендіру рәміздері мен геральдикалық белгілерді насихаттау және енгізу бойынша ұсынымдар тұжырымдау болып табылады;

5) Қазақстан Республикасының ведомстволық наградаларының геральдикалық сипаттамасын жетілдіру бойынша ұсыныстарды дайындау.

3. Комиссияның функциялары

4. Осы Ережеде айқындалған негізгі міндеттерді іске асыру үшін Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) мемлекеттік өзін-өзі сәйкестендіру рәміздері мен Қазақстан Республикасы қатысатын және олар бойынша консультативтік қорытынды беретін халықаралық ұйымдар рәміздерінің жобаларын қарайды;
2) орталық атқарушы органдарға мемлекеттік стиль қалыптастыру проблемалары жөнінде зерттеулер жүргізу туралы ұсыныстар енгізеді;
3) қоғам қызметінің әртүрлі салаларында ресми іс-шараларды жүргізу кезінде мемлекеттік рәміздерді, сондай-ақ әскери және басқа да атрибутиканы қолдану жөніндегі рәсімдік қағидаларын әзірлеуге қатысады;
4) мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану бойынша жұмыс процесінде туындайтын мәселелерді шешуде орталық және жергілікті атқарушы органдарға консультивтік көмек көрсетеді;
5) геральдикалық белгілердің жобаларын талқылауға қатысады және олар бойынша қорытындылар береді;

6) мемлекеттік билік органдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен белгіленген тәртіппен өзара іс-қимыл жасайды;
7) мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды, конференцияларға, кеңестерге, семинарларға қатысады;

8) ведомстволық наградалардың және оларға теңестірілген өзге де наградалардың (бұдан әрі - ведомстволық наградалар) геральдикалық сипаттамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді.

4. Комиссияның құқықтары

5. Комиссия белгіленген тәртіппен және өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша:

1) Мемлекет басшысына мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану саласындағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметіне ведомстволық наградалар мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;

3) мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін насихаттау және қолдану жөніндегі қызметін уәкілетті мемлекеттік органдардың тексеруіне бастама жасауға;

4) мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану мәселелері жөнінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмыс қорытындыларын зерделеуге, талдауға, жинақтауға;

5) тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына мемлекеттік рәміздерді қолдану бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілері бойынша тексеру және қызметтік тергеп-тексеру жүргізуді ұсынуға;


6) Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиялардың қызметін үйлестіруге және бақылауға, олардың қызметі туралы есептерін тыңдауға;


7) қоғамдық бастамалар негізінде жұмыс істейтін ғылыми мекемелер, білім беру ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен:
сараптамалық-талдамалық зерттеу жүргізу үшін сарапшылық кеңес;


Комиссия құзыретіне кіретін жекелеген мәселелерді қарау үшін жұмыс топтарын құруға;

8) мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттау практикасына байланысты мәселелерді талқылау үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің, сондай-ақ өзге де мемлекеттердің ұқсас құрылымдарымен ынтымақтастық жасауға;

9) Комиссия құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін мүдделі мемлекеттік органдардың, шығармашылық, ғылыми, білім беру және басқа да ұйымдардың мамандарын тартуға;

10) Комиссия құзыретіне кіретін мәселелер жөнінде мемлекеттік органдардан, ведомстволардан, лауазымды адамдар мен ұйымдардан қажетті ақпарат сұратуға;

11) Комиссия құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың жауапты өкілдерін Комиссия отырыстарында тыңдауға құқылы.

5. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

6. Комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
7. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан, хатшыдан және Комиссия мүшелерінен тұрады.

Комиссия мүшелері отырыстарға алмастыру құқығынсыз қатысады.

8. Комиссияны төраға басқарады.

9. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

Жұмыс органы:

1) Комиссия қызметін ақпараттық-талдамалық және материалдық-техникалық қамтамасыз етеді;

2) ақпарат жинауды, өңдеуді, мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау практикасын талдауды жүзеге асырады, осы саладағы жұмысты жетілдіру бойынша ұсыныстар тұжырымдайды;

3) Комиссия құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен, лауазымды адамдармен және ұйымдармен хат алысуды жүргізеді;
4) Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындауды және Комиссия хаттамасын ресімдеуді жүзеге асырады;

5) Комиссия қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

10. Отырыстардың күн тәртібін, сондай-ақ олардың өтетін орны мен уақытын Комиссияның төрағасы айқындайды.

11. Комиссияның жұмыс отырыстарының материалдары төрағамен келісілгеннен кейін отырысқа дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей Комиссияның әрбір мүшесінің назарына жеткізіледі.

12. Комиссия отырыстарын оның төрағасы қажет болған жағдайда, бірақ жылына кемінде екі рет шақырады.

13. Егер Комиссия мүшелерінің жартысынан астамы қатысатын болса, Комиссия отырыстары заңды болып есептеледі.

14. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп саналады.

Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.

Комиссия мүшелері ерекше пікір білдіруге құқылы, ол айтылған жағдайда жазбаша түрде жазылуға және хаттамаға қоса берілуге тиісті;

15. Комиссия шешімдері ұсынымдық сипатта болады және хаттамамен, қажет болған жағдайда - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісінің өкімімен ресімделеді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару