Жалпы ережелер:
1.Шетелдік инвесторлар кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2.Кеңес қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже құрайды.
3.Кеңестің қызметін қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Кеңестің жұмыс органы жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті Кеңестің жұмыс органы (бұдан әрі - Кеңестің жұмыс органы) болып табылады.
Кеңестің негізгі міндеттері:
Қазақстан Республикасының инвестициялық саясатының негізгі бағыттарын айқындау;
Қазақстан Республикасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту;
Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы нормативтік құқықтық базасын жетілдіру;
Қазақстан Республикасының экономикасын әртараптандыруға, өнеркәсіптік секторын индустрияландыруға, шағын және орта бизнесін дамытуға шетелдік компаниялардың жәрдемдесуі;
Қазақстан Республикасының экономикасын әлемдік экономикалық процестерге интеграциялау;
Қазақстан Республикасының экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту стратегиясы;
Қазақстан Республикасының халықаралық маңызы бар ірі инвестициялық бағдарламалары мен жобаларын іске асыру мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Кеңестің құрамы
Қазақстан Республикасының Президенті Кеңестің төрағасы болып табылады.
Лауазымы бойынша: Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі, Қазақстан Республикасының Көлік министрі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі және Кеңестің жұмыс органының бірінші басшысы Кеңестің тұрақты мүшелері болып табылады.