Жетісу облысы
Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысы, Қаратал ауданының Кәлпе ауылына барды. Президентке 200 орындық мәдениет үйі таныстырылды. Бұл нысанның жалпы ауданы – 739 шаршы метр. Мәдениет үйінде бірнеше шығармашылық үйірме жұмыс істейді.
Сонымен қатар Президент осы ауылда бой көтерген спорт кешенінде болды. Нысанның жалпы ауданы – 887,7 шаршы метр. Модульді ғимаратта спорт залы, балалар ойын алаңы және воркаут қарастырылған.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Талдықорған қаласындағы жаңадан салынған Jetysu Аrena жабық мұз айдынын аралап, спортшылармен әңгімелесті.
Спорт нысаны толықтай жеке кәсіпкердің қаражатына салынып, Республика күні ашылған. Жалпы инвестиция көлемі – шамамен 900 миллион теңге. Кәсіпкер Мұхаметжан Серікұлының айтуынша, бұл нысанда тұрғындар шорт-трек, хоккей және мәнерлеп сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерімен айналыса алады. Сонымен қатар мұнда паралимпиадалық, яғни шаналы хоккеймен шұғылдануға болады. Елімізде хоккейдің бұл түрімен айналысуға арналған екі мұз аренасы бар. Оның бірі Астанада, екіншісі осы Талдықорған қаласында ашылып отыр.
Нысанның жалпы аумағы – 2235,8 шаршы метр. Кешен кәсіби технологиялық құралдармен, оның ішінде тоңазытқыш, мұз құю және спорт жабдықтарымен қамтылған. Соның нәтижесінде мұнда жыл бойы үздіксіз жаттығуға мүмкіндік бар. Аталған жабық мұз айдыны Құрлықаралық хоккей лигасының және Ұлттық хоккей лигасының стандарттарына сай келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан кәсіпкерге ризашылығын білдірді.
Президент спортшылармен әңгімелесу кезінде мемлекет аталған саланы одан әрі қолдайтынына тоқталып, жастардың спортпен тұрақты айналысқанын құптайтынын айтты.