Жетісу облысы, Талдықорған қаласы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына жұмыс сапары өңір орталығы Талдықорған қаласында жалғасты.
Президент облыс орталығындағы драма театрына есімі берілген Қазақ ССР Халық әртісі Бикен Римованың бюстіне гүл шоғын қойды. Бұдан кейін Мемлекет басшысы театр ғимаратын аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорған драма театрында Жетісу облысының зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, пікір алмасты.
– Бүгін, міне, халқымызға танымал аса көрнекті актриса Бикен Римова театрында кездесіп отырмыз. Өте қуаныштымын. Шын мәнінде, біз өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек. Бұл еліміздің болашағы үшін, жас ұрпаққа дұрыс жол көрсету үшін қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы облыс зиялыларына жастар тәрбиесі мен аймақтың келешегі туралы ойын айтты.
– Біз еліміздің болашағы қандай бағытта дамитынын ойласақ, ең алдымен, жастарымызға көңіл бөлуіміз керек. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Қай жерге барсам да, үнемі айтып жүрмін. Жастарымызды көзі ашық, көкірегі ояу, адал азамат етіп тәрбиелеуіміз қажет. Бұл – ел дамуының маңызды бір бағыты. Ал енді облыстың дамуына келер болсақ, өңірдің әлеуеті зор. Даму қарқыны жақсы, әлі де түйткілді мәселелер бар. Мен облыстың жағдайын жақсы білемін. Алдағы уақытта да назар аударамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуге қатысушылар еліміздің мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп, мемлекеттің қолдауын сезініп отырғанын жеткізіп, Президентке алғыс айтты. Сонымен қатар облыс ақсақалдары кеше Республика күнінде өзіңіз көтерген көк байрағымыз жығылмасын деген тілегін білдірді.
Мемлекет басшысы бұл, ең алдымен, тұрақтылықтың, тыныштықтың арқасы екеніне назар аударды.
– Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі ахуал күрделі. Ең құбылмалы кезде тұрмыз. Күрделі кез. Сол себепті бейбітшілік біздің басты байлығымыз екенін жақсы түсінуіміз керек. Бірлігіміз мығым боп, бір ел болып еңбек етуіміз қажет. Елде заң үстемдігі мен тәртіп болса ғана, тыныштық пен даму болады. Президенттен бастап бәріміз Конституцияны құрметтеп, заңға бағынуымыз керек. Заң алдында бәріміз теңбіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Президент еліміздегі бастамалардың тиімді жүзеге асырылуына елеулі үлес қосып жүрген облыс белсенділеріне ризашылығын білдірді.