National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады

2024 жылғы 22 қазан

Қасым-Жомарт Тоқаевқа елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде есеп берілді.

Жеңіс Қасымбек қаланың барлық экономикалық көрсеткіші бойынша оң динамика байқалатынын айтты. Биылғы 9 айда тартылған инвестиция көлемі 1 триллион 140 миллиард теңгені құрады. Бұл – 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға жоғары.

Мемлекет басшысына жылыту маусымы жөнінде баяндалды. Былтыр «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясын, «Тұран» газ жылу станциясы мен үшінші жылу электр орталығының бірінші кезеңдерін пайдалануға беру нәтижесінде қалада жылу қуаты алғаш рет артығымен өндіріле бастады. Аталған нысандар Астананы 1100 Гкал/cағаттан астам жылу қуатымен қамтамасыз етті.

Жыл соңына дейін «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр. Сол кезде шаһарға қосымша 250 Гкал/сағат жылу беріледі.

Бұдан бөлек Жеңіс Қасымбек қазір жалпы қуаты 970 Гкал/сағат болатын «Тельман» газ жылу станциясын салу және «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станциясын жобалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Президентке әлеуметтік нысандар (мектеп, қолжетімді баспана, медициналық мекемелер) салу, құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйлерді аяқтау, тозығы жеткен апатты үйлерді бұзу жөнінде айтылды.

Мысалы, Астанада жаңа оқу жылына жоспарланған 24 мектептің 15-і пайдалануға берілді. Оның ішінде 9 білім ошағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Жаңа жылға дейін 4,5 мыңға жуық орынды қамтамасыз ететін 6 студенттік жатақхана салу жоспарланған болатын. Бүгінде оның төртеуіне студенттер орналасқан.

Қала әкімінің айтуынша, елордада 170-ке тарта аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 70-тен астам көше жөндеуден өткен. Сондай-ақ миллион түп ағаш пен жасыл желек егу жоспарланып отыр.

Кездесу соңында Президент елорданы одан әрі дамыту, көлік инфрақұрылымын нығайту және көріктендіру бойынша бірқатар тапсырма берді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің