National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинді қабылдады

2021 жылғы 23 желтоқсан

Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатымен жүзеге асырылып жатқан цифрлық трансформация жұмыстарының барысы және министрліктің биылғы қызметінің қорытындылары туралы есеп берілді.

Президентке мемлекеттік қызмет ұсыну функциясының бизнес-процестеріне қатысты реинжинирингтеу жұмыстарының аралық нәтижелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы цифрландырудың рөлі жөнінде баяндалды. Азаматтардың нақты тіршілік жағдайына қатысты 110 бизнес-процесс қайта қаралды. Атап айтқанда, жүргізуші куәлігін шығару, мүгедектікті анықтау және  жәрдемақыларды есептеуді жеделдету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында субсидия алу үшін жаңа әдістер енгізу процесін трансформациялау тәжірибесі ұсынылды

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлы вице-министрлерге арналған KPI мен олардың жұмыстарына берілетін бағаға қатысты критерийлерді, сондай-ақ 2022 жылдан бастап барлық мемлекеттік қызметшілерге цифрлық құзіреттерді оқыту жөніндегі ведомствоның бастамасын қолдады. Сонымен қатар Президент цифрлық трансформацияның табысты болуы үшін әрбір қызметші цифрлық дағдылардың қажетті көлемін білуге тиіс екенін атап өтті. 

Биыл ведомство тексерулер санын 500 пайызға көбейтті. Соның нәтижесінде байланыс сапасының өлшемдерін сақтамағаны үшін операторларға айыппұл салынған. Қабылданған шаралар 532 ауылдағы байланыс сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.

«ХҚКО» мобильді қосымшасында бейнеконсультация арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер пилоттық режимде қолжетімді. Қазіргі уақытта 34 анықтаманың цифрлық айналым мүмкіндігі жүзеге асырылған. еGov mobile  мобильді қосымшасында құжаттардың 18 түрін қамтитын «Цифрлық құжат» сервисі іске асырылды. Бүгінде бұл қызметті 6 миллион адам пайдаланған.

Бұдан бөлек Бағдат Мусин Қасым-Жомарт Тоқаевқа IT және ғарыш салаларын дамытудың қазіргі жұмыстары мен жоспары жөнінде баяндады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің